Ертіс өңірінде бедеулік белең алып барады
Өйткені жасанды жолмен бала сүю бақыты жүйкені ғана жұқартып қоймайды, қалтаны да қағады. Олардың ендігі үміті – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Аңсаған сәби» бағдарламасында.
Айжұлдыз 12 жыл бойы бала сүюді армандапты. Жылдар бойы экстракорпоральді ұрықтандыру квотасын алуға кезекте тұрды. Жолдасы екеуі шыдамдылық танытып, ұзақ жылдар бойы емделді. Аңсаған армандары биыл орындалды. Отбасында Айсара есімді қыз дүниеге келді.
Айжұлдыз, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Жолдасым бірге жүрді, қарсы болған жоқ. Сондықтан, міне, 12 жыл бала сүймеген қазір кішкентайымыз бар. Бала деген қуаныш қой. Қуанышқа бөлену керек. Орта жолда тастамай, жүріп, емделу қажет.
Бүгінде ЭКО бағдарламасы квотасының кезегінде 818 отбасы тұр. Мамандардың айтуынша, бедеулік тек әйелдерде ғана емес, ерлерде де белең алуда. Сондықтан ерлі-зайыпты қатар емделген дұрыс. Облыс орталығындағы репродуктивті денсаулық орталығының көмегіне 1,5 мың отбасы жүгінген. Нәтижесінде 200 жанұя бала сүйді.
Ғалия Мұқажанова, гинеколог-репродуктолог:
- Бір жыл тұрса, бала бітпесе, ол бедеулік деп есептеледі. Бедеулік тек қана әйелден емес, екі жақтан болады. Әйелді гинеколог-репродуктолог маманы, ер адамды уролог-андролог тексереді. Олар бірігіп келген дұрыс. Бірге емделіп, ем бастағанда нәтиже шығады.
Ерлер бедеулігі жасарып келеді. Бүгінде емделуге келетін азаматтардың орташа жасы 30-ға кеміген. Мамандардың айтуынша, шаңырақ көтеруді алдын ала жоспарлағанның пайдасы зор. Ерлі-зайыпты отбасылық өмірге дайын болу керек. Сонда дені сау ұрпақ туып, бедеуліктің алдын алуға мүмкіндік бар.
Андрей Дубинин, андролог-уролог:
- Соңғы уақытта жаңадан отбасы құрғандар келіп жатыр. Бұл өте дұрыс. Бір жыл ішінде бала көтермесе, емделуді жөн көреді. Науқастар жасарып келеді. Себептері көп, олар – жыныстық инфекциялар, гормоналдық ауытқулар мен генетикалық патологиялар. Бірақ бұл үкім емес. Емделіп, бала сүюге әркімнің қақысы бар.
Бүгінде өңірдегі әр емхананың жанынан отбасын жоспарлау мектептері ашылған. Жыл сайын жүздеген жас келіп, білікті мамандардың кеңесіне жүгінеді. Мәселен, Ділназ бен Рахат Темірболат бірнеше ай бұрын үйленді. Жас жұбайлар енді бала көруді мақсат етуде.
Ділназ Темірболат, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Ақпаратты интернеттен алу бір бөлек, мамандарды көзбе көз көру бір бөлек. Сондықтан бұл мектепке келдік. Мамандармен сөйлесіп, кеңес алып жатырмыз. Жолдасым екеуміз балалы болғымыз келеді. Босануға психологиялық тұрғыдан дайын болғым келеді.
Экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламасына қатысқандардың үштен бір бөлігі бала сүйген. Он жыл ішінде аймаққа небәрі 335 квота бөлінді. Нәтижесінде 115 бала дүние есігін ашты. Ал биылғы жылы 46 квота қарастырылған. Бұл тым аз, өйткені кезек жыл санап өсуде. Мамандар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша квота саны айтарлықтай ұлғайса, мәселе кезең кезеңмен шешілетініне сенімде.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков