Күріштің жаңа сорты өндіріске енді
Соңғы жылдары бұл сұрып өсімдік ауруына шалдығып, өнімділігі төмендеп кеткені рас. Оның орнын шетелдік өнімдер басты. Дегенмен өңірдің оңтүстік аудандарында аздап болса да егіледі. «Тоқсаныншы жылғы тоқырауда тыңайтқышсыз шығып, елге ырыс болған «Ақмаржанның» қазіргі халі мәз емес», – дейді мамандар.
Тұрғанәлі Базарбаев, Жаңақорған аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
– «Супер элита» деген өте жоғары, өте жас. Элита деген супер элитадан кейін шығады. 2-ден 3-ке қарай кеткеннен кейін тұқымның өну қабілеттігі нашарлайды. Қартайды деген сөз. 1986 жылдан бері егіп келе жатыр ғой енді. Бірақ біз «Маржанды» бірден тастап кете алмаймыз. Бірте-бірте біз басқа, жаңа сорттарға көшеміз.
Рас, «Ақмаржанның» өнімділігі азайған соң шаруашылықтар ресейлік сұрыптарға көше бастады. Бірақ отандық ғалымдар қол қусырып отырған жоқ. Ұзақ жылғы ізденістің нәтижесінде екі бірдей жаңа түрін өндіріске енгізіп отыр. Мәселен, Жаңақорған ауданындағы тәжірибелік шаруа қожалық биыл «Әйкерім» сортының 200 тонна тұқымын әзірлеген. Енді «Сыр сұлуын» көбейтпек.
Манас Ибрагимов, шаруа қожалығының бас агрономы:
– «Сыр сұлуы» дегенді 20 тоннадай алсақ, одан да питомник істесек болады. Осы өзіміздің аудан, облыс көлеміне тарқататындай етіп көбейтсек па деп жатырмыз. Әлі де ғалымдар жұмыс істеп жатыр. Жаңа сорт шығады, соны біз тәжірибе шаруашылығы болғаннан кейін бізге егеді, көреді, сөйтіп дамытып жатқан жөніміз бар.
Отандық жаңа сұрып шетелдікімен салыстырғанда 10-15 күндей ерте піседі. Тұздылыққа, қатал климатқа төзімді әрі өнімділігі жоғары. Тауарлық сапасы да талапқа сай. Яғни технологиясын сақтаса, гектарынан 90 центнерден жинауға болады.
Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
– Биылғы жылы бұл 2 сорттан 1156 гектар жерге егілді. Содан қазір 3 мың тоннадай күріш тұқымы дайын болады деген жобамыз бар келесі жылға. Яғни бұл 12 мың гектарға жетеді. Бұл жалпы облыстың күріш дақылының 15 пайызын құрайды. 2022 жылға 50 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік болады. Енді тиімділігіне қарай шаруашылықтар өздерінің таңдауларын жасайтын болады.
Елімізде өндірілетін күріштің 90 проценті Сыр өңірінің үлесінде екені белгілі. Мамандар: «Жаңа отандық күріш сорттары су тапшылығын шешуге септеседі, экономикалық әрі экологиялық тұрғыдан да тиімді болады», – дейді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев