ШҚО-да 13 бағытқа санитарлық бекет қойылды
Сөйтіп сары аймаққа енді. Бұл індеттің бетін қайтару мақсатында облысқа кешеден бастап 13 бағытқа санитарлық өткізу бақылау бекеті қойылды. Ол жерде кімдер қызмет етіп жүр? Бір тәулік ішінде қанша көлік өтіп, қанша адам тексерілді.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Қазір Өскемен – Самар бағытындағы тасжол бойында тұрмыз. Бұл бағыт арқылы бір емес бірнеше ауданға қатынауға болады. Соның ішінде Күршім, Зайсан, Тарбағатай және Самар, Көкпекті. Ұлан ауданның бір бөлігі де осы жақта жатыр. Сондықтан облыс орталығымен арадағы барыс-келіс өте жиі. Сол себепті де санитарлық бекет қою орындарының бірі ретінде таңдалса керек.
Санитарлық өткізу бақылау бекеттерінің басты мақсаты көліктерді кіргізбей немесе өткізбей қою емес. «Ең негізгі міндет – қалаға кіріп-шығатындардың денсаулығын бақылау», – дейді мамандар. Сондықтан өңірге қойылған 13 санитарлық бекетте жалпы 50-ден астам полиция қызметкері мен 13 медициналық маман қызмет етуде. Тәулік бойы. Полиция өкілдері көліктерді тоқтатып, кімнің қайда бара жатқанын және құжаттарын тексерсе, медициналық мамандар олардың жалпы денсаулықтарын бағамдап, дене қызуларын өлшеп, анкета толтырады. Сөйтіп әр бағыттан кірген-шыққандар туралы мәлімет жинақталады. Жалпы санитарлық бекеттерден жеті мыңға жуық көлік өткен екен. Енді ауру көрстекішіне келсек, өңірде пандемия басталғалы бері коронавирус инфекциясымен он мыңнан астам дерек тіркелген. Қазіргі күні өңірде 43 адамның жағдайы ауыр, үш адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Қоғамдық көліктерді залалсыздандыру жалғасуда. Қаламен қоса алғанда облыс ішінде қазан айында 1600-ден астам рейд жүргізілді. Осы аралықта бекітілген талаптарды сақтамағандары үшін жалпы 336 айыппұл салынған.