Қандағардағы қаруластар 32 жылдан кейін бір-бірін іздеп тапты
Іздемеген жері жоқ. Тек араға 30 жыл салып, кездесудің сәті түсті. Сөйтсе бірі Қазақстанның, екіншісі Татарстанның қиырында өмір сүріп келген екен.
2019 жылдың жазында ресейлік телеарнаның «Жди меня» бағдарламасына Қазақстаннан үшбу хат жетті. Ақмолалық азамат ауған жерінде бірге болған қарулас досын іздейтінін жазыпты. Жүрек тебірентер жазба бағдарлама ұжымын бейжай қалдырмаса керек. Қазақстанға арнайы келіп, Нұрболат Оспановтан арнайы сұхбат жазып алып кетеді.
Суреттегі Рафильдің Нұрболат үшін орны бөлек. Қанды қырғынның қақ ортасы саналатын Қандағардағы соғыста бірге болды. Майданда көрген сұмдықтары бөлек әңгіме. Сондай қиын шақта қаруластар бір-бірінен қолдау іздеді, бір-біріне арқа сүйеді. Содан да болар, ауғанда өткен екі жылы бүкіл ғұмырымен пара-пар сияқты көрінеді.
Нұрболат Оспанов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Бірге жүріп, бірге тамақ ішкен адамдарды қалай ұмытасың? Оларды ұмытуға болмайды. Ақырғы хатын 32 жыл сақтадым. «Давай Нурик, встретимся в Союзе» деп жазған. Бірақ расында «Кездесеміз бе?» деген ой келді де қойды.
Назерке Оспанова, Н.Оспановтың қызы:
- Бізге аты-жөнін айтып, іздеп көріңдер дейтін. Вконтакте әлеуметтік желісінде қаншама топ бар. сол жерлерде де пікір ретінде жазатынмын, бірақ ешкім жауап қайтармайтын.
Бірақ арада алты ай өткенде аяқ астынан Нұрболат Оспановқа Мәскеудегі бағдарламадан арнайы шақырту жетеді.
Нұрболат Оспанов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Мен айттым таптыңдар ма деп? Қайда екен? Неше түрлі жағдай болады, ауырып қалды ма, мені тани ма екен? Бірақ «табамын, кездесеміз» деген нақты сеніммен бардым.
Рафиль де досының әрбір қылығын ұмытпаған. Күні кеше болған оқиға сияқты жіпке тізіп айтып берді.
Рафиль Мингалиев, Қазан қаласының тұрғыны:
- Нұрболат тәттіні өте жақсы көруші еді. Қарақұмық қосып, сорпа қайнататын да, үстінен қант қосып жіберетін. Сорпамыз тәп-тәтті боп шыға келетін.
Қанды көйлек жолдасы өзін іздейді деген ой Рафильдің үш ұйықтаса түсіне кірмесе керек.
Рафиль Мингалиев, Қазан қаласының тұрғыны:
- Нұрболат мені іздеп жүргеніңді естігенде, есімнен танып қала жаздадым. Тіл аузым байланып қалды десем де болады. Менің екі ағам бар еді. Енді сенімен үшеу болды. Қазанға қыдырып кел, бүкіл қаланы аралап шығамыз. Менің шаңырағымда қонақ боласың, саған есігім қашан да ашық.
Досымен кездесуге Қазанға бүгін-ақ ұшып кетуші еді. Карантин кедергі болып тұрғаны. Бірақ алыста болса да, досының жер басып, аман жүргенін көңілге медет тұтады.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Айдос Меделбеков