Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Семей полигонынының аумағына 260 млн астам ағаш отырғызылады

  • 0
  • 27.11.2026, 18:20

Бір кездері жерді дүр сілкіндірген жарылыстардың орнында енді жасыл желек жайқалуы мүмкін. Абай облысында бұрынғы Семей ядролық полигонының 100 мың гектар аумағына 260 миллионнан астам ағаш отырғызу көзделіп отыр. Бастаманың мақсаты – орман алқабын ұлғайту ғана емес, радиациямен ластанған аумақ пен қауіпсіз жердің арасына табиғи қорған қалыптастыру.

Әлбетте, ағаш егу бір бөлек, оны жерсіндіріп, орманға айналдыру бір бөлек. Оның үстіне бұл – табиғаты қуаң, тарихы ауыр өңір. Ендеше өткеннің жарасын жасыл желекпен көмкеру қаншалықты мүмкін?

Рүстем Қайратұлы, тілші:

– Иә, Абай облысында бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейін оның аумағы ұзақ уақыт бойы бос жатты. Енді осы жерге ағаш егіп, орман алқабын қалыптастыру ұсынылып отыр. Бірақ жұмысты бастамас бұрын жердің радиациялық жағдайын мұқият зерттеу қажет.

Әнуар Бейсенов, облыстық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Семей ядролық сынақ полигонының аумағы үш облысты қамтиды. Олар Павлодар, Қарағанды және Абай облыстары. Жалпы аумағы 1 миллион 800 мың гектар. Оның 978 мың гектары Абай облысының жерінде орналасқан. Таза аймақтың көлемі 473 мың гектар, ал ластанған аймақ 505 мың гектар. Біздің басты мақсатымыз – ластанған аумақты таза жерден бөліп, арасына орман белдеуін қалыптастыру.

Жобаны жүзеге асыру үшін қомақты қаражат қажет. Алдын ала есеп бойынша бұған 80 миллиард теңге жұмсалуы мүмкін. Бұл қаржыны жеке инвесторлар мен халықаралық климаттық бағдарламалар арқылы тарту жоспарланып отыр.

Ұлттық ядролық орталық мамандары аумақтан 25 мыңнан астам сынама алып, талдау жүргізді. Кейбір учаскелерде ластану деңгейі жоғары болса, басқа жерлерді шаруашылық мақсатта пайдалануға болады. Енді мамандар қауіпсіз және ластанған аумақтардың нақты шекарасын анықтауы тиіс.

Әсел Болатбекова, облыстық Экология департаментінің бөлім басшысы:

– Ең алдымен, радиациялық фонды анықтау қажет. Ұлттық ядролық орталығынан қорытынды алып, экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардан өту керек. Бұдан бөлек, топырақ құрамындағы радионуклидтерге және олардың топырақ пен өсімдіктерге таралуына талдау жүргізілуі тиіс.

Тағы бір маңызды мәселе – су. Қуаң аймақта миллиондаған көшетті өсіру үшін тұрақты су көзі қажет. Жоба аясында Шаған көлінің суын пайдалану мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.

Әнуар Бейсенов, облыстық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Қазір суды жеткізу жолдары талқыланып жатыр. Оны тасымалдау, канал немесе су құбырын салу мүмкіндігі қарастырылуда.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

– Жоба кемінде 10 жылға жоспарланған. Егер бастама жүзеге асса, 100 мың гектар жерге кемінде 260 миллион ағаш отырғызылмақ. Бірақ миллиондаған көшетті отырғызу – жұмыстың алғашқы кезеңі. Одан кейін ағаштарды суару, күтіп-баптау және өрттен қорғау қажет. Әсіресе олардың жерсінуіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс.