Қостанайда 120 отбасы жаңа пәтер кілтіне ие болды
Қоныстойын тойлаушылардың бірқатарына қала әкімі Қайрат Ахметов пәтер кілтін өз қолымен табыс етті.
Көптен күткен баспаналарына қол жеткізген жандардың қуанышында шек жоқ. Солардың бірі – көпбалалы Сәрсенбаевтар отбасы. Берік пен Динараның бес баласы бар. Үлкені 13-те болса, кенжесі бір жаста. Үйелмелі-сүйелмелі сол кішкентайларымен он жылдан астам пәтер жағалап келген. Енді оның бәрі бәрі артта қалды. Әзірге жалға берілген 3 бөлмелі пәтердің төлемақысы да көңілдерінен шығады.
Динара Сәрсенбаева, қоныстанушы:
- Ай сайын он мыңға жетпей төлеп отырамыз және бұл келісімшартты бес жыл сайын ұзартып отырамыз. Бұрынғыдай 70-80 мың төлемейміз. Бұл бізге өте қолайлы.
Балаларының қуанышын бөлісуге келген Бәтима әжейдің де көңілі толқулы.
Бәтима Сәрсенбаева, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Еліміз тыныш болып, осындай көпбалалы отбасылар үй ала берсе, мен соларға қуанамын. Осы қуанышқа жеткізгеніне шүкір деймін.
Алдағы бір-екі айда ондай қуанышты сәттерге әлі талай куә боламыз. Биыл Қостанайда көпбалалы отбасылар үшін қолданыстағы үйлерден 22 пәтер сатып алу көзделіп отыр.
Олжас Өмірзақов, Қостанай қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Жыл аяғына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көпқабатты тағы үш үй тапсырылады. Ол пәтерлер де кезекте тұрған тұрмыс жағдайлары төмен отбасыларға бөлінеді.
Облыс орталығында баспана кезегінде тұрғандардың саны 12 мыңға жуық. Олардың 180-і – көп балалы отбасы.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг