Түркістан облысында әлі интернет тартылмаған ауылдар бар
Кей ауылға ғаламтор желісі сапасыз жүргізілгендіктен, оқу-білімге қатысты сайттар жүктелмейді. Соның кесірінен оқушылардың онлайн сабақ оқуы қиынға соғып отыр.
Сарыағаш ауданындағы Жылысу ауылы интернетке қосылғандар қатарында. Бірақ тек қағаз жүзінде секілді. Студенттер мен мектеп оқушылары бар уақытын ғаламтор тартатын жерді іздеумен өткізеді. Ноутбук пен телефон ұстаған өрендер үйлерінен алыстап, жырақтағы жол бойына шығып, сонда бірнеше сағат отыруға мәжбүр.
Нағима Бекбаева, Жылысу ауылының тұрғыны:
- Менің өзімде үш балам бар. Біреуі 5-сынып оқиды, біреуі 3, біреуі 2-сынып оқиды. Бәрі бір телефонға қарап отыр. «Тапсырманы орындамасаңдар, тоқсандық шықпайды», – деп апайы айтады. Қайдан шығарамыз? Интернет жоқ. Оқығысы келеді, телефонды былай көтереді, олай көтереді. Өздерін жібере алмаймыз.
Ауылдық мектепте кезекші сыныптар ашылған. Бірақ оған тек 1-сынып оқушылары ғана барып жүр. Қалғандары онлайн оқудан бас алмайды. Файзулла Насыров төрт баласының да сабағын өзі қадағалайды. Сондықтан таңнан кешке дейін үйдегі жалғыз телефон қолынан түспейді.
Файзулла Насыров, ауыл тұрғыны:
- Карантин басталғалы балалардың білім алу дәрежесі өте төмендеп кетті. Балалардың әрқайсысына телефон алып беруге жағдайым жоқ. Ауылымызға Wi-Fi антенна құрылып, жақсы интернет келсе екен дейміз.
Әкімдіктегілер ауданда интернет бар, бірақ баяу жұмыс істейтінін айтады. Жуық арада олқылық жөнге келетініне сендіріп бақты. Сарыағашта байланыс желісі мүлдем тартылмаған ауылдар бар көрінеді.
Смаил Тасқұлов, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары:
- Бізде Өзбекстанмен шекаралас бес елді мекенде, үшеуі шалғай, екеуі шекаралас ауылда интернет жоқ. Сол жерге біз антенна қойып жатырмыз. Осы бір айдың төңірегінде интернет ұстайтын болады.
Шалғай елді мекен тұрғындары жаңа технология сарқыншақтарының келуінен үмітті. Бастысы тартылған желі жүйкені жұқартпай кәдеге жараса болғаны дейді ауылдықтар. Әзірге бәрі керісінше болып тұр.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов