БҚО-дағы Аққурай ауылы тұрғындары сусыз, газсыз отыр
Ауыл стратегиялық маңызы бар елді мекендердің қатарында болғанымен әлеуметтік дамуы мен инженерлік инфрақұрылымы сын көтермейді. Тұрғындар әлі күнге тезек жағып отыр. Ал тіршілік нәрін құдықтан тасиды.
Ақзибаш әжей таң атысымен қорадан шелектеп тезек әкеліп, пешке от жағады. Суық күндері үйдің тез жыли қоюы екіталай. От сөнбес үшін жиі-жиі отын қалап тұрады. Тамақты да ошаққа пісіреді. Күндегі күйбең тірлік әжейге оңай емес.
Ақзибаш Мұқанбетова, Аққурай ауылының тұрғыны:
- Осы тезектің шоғанына нанды пісіреміз. Тезекті дайындау да оңай шаруа емес. Қыстай малдың тезегін сыртқа шығарамыз, кептіреміз. Оны қораға жинаймыз. Көмір қымбат болғандықтан, оны алмаймыз. Жұмыс істемейтін болған соң ақша да жоқ.
Ал су ауыл шетіндегі құдықтан алынады. Бұған дейін барлық тұрғын жалғыз құдықпен күнелтіп отырған еді. Жуырда екіншісі қазылыпты. Алайда тіршілік нәрінің тапшылығы мұнымен шешіле қоймады. Ауылдық ағайын ішуге де, шаруашылыққа да осы суды пайдаланады.
Индира Кенжеғалиева, Аққурай ауылының тұрғыны:
- Ішетін суымыз болмай қалды. Өзіміздің қолдан қазған құдығымыздан ащы су ішеміз. Одан шай да шықпайды. Мына балаларымызға да қиын болды.
Аққурайда 200-ге жуық адам тұрады. Тұрғындардың тірлігі төрт түлікпен байланысты. Алайда су көзі болмағандықтан, шаруалар мал санын көбейте алмай отыр. Ауыл маңында болған көбік те біраз жыл бұрын кеуіп кетіпті.
Досжан Ахметов, Болашақ ауылдық округінің әкімі:
- Қазуға, тазартуға жергілікті бюджеттен 2 млн 880 мың ақша бөлінді. Қарашада жұмыс басталады. Ауызсу оларға жеткілікті.Тіпті жетпей қалар деп сутасығышпен де алдырып отырған едік. Тек екі-үш үй алды да, қалғандары алған жоқ.
Елді мекендердің дамуына жүргізілген мониторинг бойынша шекара маңындағы Аққурай стратегиялық маңызы бар ауылдардың қатарына жатқызылған.
Тілепберген Каюпов, облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:
- Біздің облысымыз бойынша 428 елді мекеннің 222-сі критерийлерге сәйкес келуіне байланысты болашағы бар ауылдарға кірді. Соңғы 3-5 жылдағы статистикалық көрсеткіштер алынады. Яғни бірінші кезекте елді мекеннен көшіп-қону көрсеткіші қаралады.
Бұл елді мекендегі көрсеткіштер барлық критерийге сәйкес келіп тұр. Демек, ауыл мемлекеттік бағдарламалар аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жоспарына ене алады.
Жергілікті әкімдік ауылдың әлеуетін жақсартуға бағытталған шараларды қабылдауы тиіс. Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы осылай дейді. Су мен көгілдір отыннан таршылық көріп отырған Аққурайдағы ағайынның келешектен күдер үзгісі жоқ. Тек аңсаған күннің қашан келері белгісіз...
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов