Қарағанды жергілікті әкімдігі тоғыз мердігерді сотқа берді
Жергілікті әкімдік мердігерлерді сот арқылы мәжбүрлеп отыр. Мамандардың айтуынша қазір қалаішілік жолдардың 64% қанағаттанарлық жағдайда екен.
Аманжолов көшесіндегі мына жол осыдан үш жыл бұрын ғана жөнделген. Қазір әр жері ойылып жатыр. Енді оны мердігерлер қайтадан қалпына келтіруі тиіс. Қазір жергілікті әкімдік тоғыз бірдей компанияны сотқа берді.
Нұржан Тасмағанбетов, Коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және АЖ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Жолдың кепілдік мерзімі үш жыл. Мердігерлер екі жыл бойы ой-шұңқырларды жамап келді. Ал биыл жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Қараша айында кепілдік уақыты аяқталады. Сондықтан біз сотқа беріп, ұзартуды сұрадық. Енді олар келесі жылы бұзылған жерлерді қайтадан жөндейді.
Жалпы биылғы жылы 38 көшедегі 59 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бірақ ірі жобалар ақсап жатыр. Мәселен, Майқұдық ауданындағы жолды тапсыру мерзімі тағы бір айға шегерілді. Айтуларынша ауа райының қолайсыздығы кедергі болған. Ал қалаішілік жолдардың сапасына жүргізушілердің пікірі екіұшты.
Мамандардың айтуынша келесі жылы облыс орталығындағы 36 көшенің жолын жөндеу жоспарда бар. Бірақ ол үшін 4 млрд теңге қаржы керек.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев