Қазақстан ет экспорты жоспарын тағы орындай алмады
Біз мал баққан елден оны сатқан елге айналып келеміз. Былтыр ел аумағынан 156 мың бас ірі қара мал шығарылған. Оның 78% Өзбекстан 14% Армения алған. Тірі мал экспортының қарқын алуы шикізат тапшылығын туғызып, ет бағасы қымбаттады. Осыған тосқауыл қою үшін министрлік малдың барлық түрінің экспортына тыйым салды. Бұл тыйым тағы жарты жылға созылуы мүмкін.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Қазақстанды жаңа Аустралияға айналдыру. Бұл – біздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің соңғы он жылдағы амбицияға толы жоспарының бірі. Осы жоспардың соңында түрлі бағдарлама қабылданды, қомақты қаржы құйылды, түрлі сандар айтылды. Сол айтылған сандардың бірі биыл Қазақстан, яғни 2020 жылы сыртқа 180 мың тонна ет экспорттауы тиіс еді. Енді шынайы статистика. 2020 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан сыртқа небәрі 5,5 тонна ет экспорттаған. 180 мың және 5,5 мың тонна. Енді өзіңіз есептей беріңіз.
Біз де есептеп алып, есеңгіреп қалғанбыз. Енді рет-ретімен. Ет экспорты дегенде Ауыл шаруашылығы министрлігінің осыдан он жыл бұрынғы ескі жоспары еріксіз еске түседі. Ол бойынша Қазақстан 2016 жылы 60 мың тонна, ал биыл 180 мың тонна ет жөнелтуі тиіс еді. 60 мыңдық межені министрлік кеш болса да орындады.
Еркебұлан Ахметов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры:
- 2019 жылдың нәтижесі бойынша 64 мың тонна ет экспортқа шығарылды.
Бірақ қалай шығарылды? Мәселе осында. Министрліктің ресми мәліметі бойынша 2019 жылы Қазақстан сыртқа 156 мың бас ірі қара малды тірідей жөнелткен. Түркістан облысы 99 мың, Батыс Қазақстан 26 мың, ал Ақтөбе облысы 9 мың бас ірі қараны сатыпты. Қазақстандық малдың басым бөлігін нақтыласақ, 122 мыңын Өзбекстан сатып алған.
Алмасбек Садырбаев, Ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы:
- Қызылорда облысының ауданындағы бір ақсақалда мына мараторий енгенше 16 мың бас қойы болатын, соның 15 мың басын сатып жіберіпті. Ал оны сатып алған сол ала шапан бауырларымыз. Бөтен ешкім жоқ.
Ала шапанды ағайынның есебі түгел. Олар қазақстандық шаруалардан малды сою пункттеріне қарағанда 150-200 теңге қымбат баға беріп сатып алады. Осылайша Өзбекстан мал басын көбейтіп алды.
Хабибулло Хамдамов, Өзбекстанның Ветеринария және мал шаруашылығын дамыту МК басқарма басшысы:
- Негізінен ІҚМ импортының 90% одан әрі өсіруге бағытталған. Сондықтан бізге сырттан ұрықтандыруға болатын репродуктивті жастағы бұзаулар ғана әкелінеді. Импорт кезінде ешқандай кедендік баж ұсталмайды. Шығу тегі туралы арнайы сертификаты бар әрбір ірі қара мал басына шамамен 250-300 доллар субсидия беріледі.
Тірі мал кетті дегеніміз – шикізат кетті деген сөз. Ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, өңдеу өнеркәсібін қолға алмағанша біздің мал шаруашылығы оңалмайды.
Алмасбек Садырбаев, Ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы:
- «Малды сойғаннан кейін етін сылып алып, тастай салсаң, оның қалған сүйегі, қарны, барлығы еттен де көп құн береді» деп шетелде айтады екен. Ал біз малды аламыз да, тіпті оны союға жарамай жатырмыз. Тірідей, терісімен, сүйегімен, ішек-қарнымен беріп жібереміз. Нағыз ысырап деген осы.
Нағыз ысырапшылдықпен амал жоқтықтан Азамат Орымбаев та айналысып жүр. Күн сайын мына зауытта 30-40 бас ірі қара мал сойылады. Арнайы өсірілген малдың етін мәрмәр стейк жасау үшін қымбат мейрамханалар сатып алады. Ал өзге өнімдері өтімсіз. Қазақстан әлі күнге дейін өңдеу өнеркәсібін дұрыс жолға қоя алмай келеді. Орымбаевтың ойынша салада сан ауысқан шенеуніктердің қателігі де осында.
Азамат Орымбаев, ет өңдеу зауытының директоры:
- Қан, сүйек, жүн, тері және т.б. қосымша өнімдерді қайта өңдеу үшін қажетті жабдықтарға кедендік баж салығын алып тастау керек, бес жылға салық жеңілдіктерін енгізу қажет. Біз өз ішімізде терең өңдеуді шұғыл түрде қолға алмасақ болмайды. Сол кезде ірі малды сыртқа шығару қызықсыз әрі тиімсіз болады.
Тиімсіз болған соң емес, тыйым салған соң тірідей мал сатуды қазақстандық малшылар көктемнен бері сап тыйды. Олай етпеске болмады, бар мал сыртқа саудаланғанда, елде ет қымбаттап кетті. Оның үстіне елдегі ет өңдейтін зауыттар шикізат жетіспеген соң тек 30% қуатымен ғана жұмыс істеп тұр.
Алмасбек Садырбаев, Ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы:
- Келесі мараториді бес жылға бір-ақ жасап тастау қажет. «Бес жылдан кейін ғана малды сатамыз» десек, біздің ішкі өңдеуіміз дамиды. Сол кезде инвестор келеді, әйтпесе соймай сатып жатырмыз ғой.
Тірі малды экспорттауға мораторий кем дегенде әлі жарты жылға жалғасуы бек мүмкін. Ет етке ме, әлде шетке ме? Министрлік бұл мәселеде біржақты шешім қабылдауға асығар емес.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Қанат Әбілдин, Жасын Біркенов, Гүлнәр Әмренова, Әлібек Әлиев, Тоқтар Терлікбаев