Ақмола облысында биыл дәрігерлерге арнап көппәтерлі үй салынып жатыр
Себебі өңірде дәрігер тапшы. Мәселен, қазір медицина мекемелеріне 384 маман ауадай қажет.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тумасы Ерназ Өмірзақ – жас маман. Былтыр елордадағы медициналық оқу орындарының бірін хирургия мамандығы бойынша тәмамдаған ол қазір Көкшетаудан 300 шақырым жердегі Жақсы аудандық ауруханасында еңбек етіп жүр. Айтуынша тұрақты жұмыс пен жайлы баспана болса, жастар кез келген өңірге баруға дайын. Алайда қазіргі статистика көңіл көншітпейді.
Ерназ Өмірзақ, Жақсы аудандық ауруханасының дәрігері:
- Бізде 104 хирург бітірді. Соның жетеуі ғана ауданда жұмыс істеп жатыр. Қалғаны басқа мамандық саласын таңдады. Мүмкін сырт жаққа барып жұмыс істеуге қорқыныш болды, Немесе өздерінің басқа арман, мақсаттары болды.
Ерназ бұйыртса жақында баспаналы болады. Сегіз пәтерлі үй аудандық аурухананың дәл іргесінен салынып жатыр. Жергілікті әкімдік бұрыннан бос тұрған ғимаратты биыл осылай игілікке жұмсауды жөн санапты. Ал бір және екі бөлмелі баспаналардың барлығы дерлік жас мамандарға беріледі. Жалпы биыл облысқа 89 түлек келген.
Әсел Қалдыбаева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Өңірге келген 47 жас маман баспанамен қамтылды. Оның 19-ы әкімдіктер есебінен және қалған 28-і медициналық ұйымдардың ведомствосындағы баспаналармен қамтамасыз етілді және Егіндікөл ауданында биыл 20 орындық жатақханаға күрделі жөндеу жүргізіліп, тапсырылды.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметке сүйенсек, алдағы жылы да бірнеше үй салу жоспарланып отыр. Ал жас мамандарды аймаққа тұрақтандырудың тағы бір амалы ретінде биылдан бастап ауылды жерлерге баратын дәрігерлерге 1 млн теңгеден қаржылай көмек беру туралы шешім шығарылды. «Мұндай қомақты қаражатты осы жылы 15 маман алады», – дейді жауаптылар. Ал қаржылай қолдауға ие болған жас маман өңірде кемінде үш жыл жұмыс істеуі тиіс.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Анатолий Полянный