Медицина қызметкері COVID-19 жұқтырса, төтенше жағдайға теңеледі
Яғни медициналық мекемеде жұмыс істейтін қызметкері вирус жұқтырса, Денсаулық сақтау министрлігі мұны төтенше жағдай ретінде қарайды. Індет қайта күш алып жатқан тұста мұндай шараның қолға алынуы дұрыс та шығар. Алайда бұл дәрігерлердің ауру-сырқауын жасыруына әкелмей ме?
Елімізге коронавирус келіп өршігенде таңның атысы, күннің батысы демей, қауіпті індетпен күресте алдыңғы шептен табылған жансақтау бөлімінің дәрігері Қуаныш Шонтаев бір реттік қаржылай қолдаудың тоқтатылуына қарсы емес. Бірақ медициналық қызметкерлер вирусты әдейілеп жұқтырмағандығын естен шығармаңыздар деп отыр. «Әрқайсысы өзінің және отбасы мүшелерінің қауіпсіздігі үшін сақтық шараларын барынша сақтайды. Алайда вирус адам таңдамайды», – дейді.
Қуаныш Шонтаев, кардиоанестезиолог-реаниматолог:
- Қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілсек те, вирус кез келген адамға кез келген уақытта жұғуы мүмкін. Сондықтан біздің еткен еңбегімізді жоққа шығарып, «салғырттық салдарынан вирус жұқтырды» деу қателік деп санаймын.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалды деп отыр. Қорғаныс құралдарының үш айлық қоры құрылған. Ол ол ма, бас дәрігердің жауапкершілігі де күшейтілді. Енді қарамағындағы қызметкері індет жұқтырса, оған тікелей жауапты болады.
Әсем Нүсіпова, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
- Стационарларды таза және қауіпті аймақ деп бөлдік. Науқастарды қабылдау тетігі реттелген. Медициналық қызметкердің вирус жұқтыруы немесе өлімі төтенше жағдай ретінде қаралады. Бас дәрігерлер қызметкерлерінің қайта жаппай ауруына жол бермес үшін барлық сақтық шараны қолға алады деп сенеміз.
Медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеев мәселенің түп төркінін іштен біледі. Бұл шара ақ халаттылар арасында жұқтыру деректерін жасыруға әкелуі мүмкін деп қауіптенеді.
Қайырғали Көнеев, медицина ғылымдарының кандидаты:
- Жауапкершіліктің барлығын медицина қызметкерлерінің мойнына іліп тастайды деп ойлаймын. Себебі бас дәрігер: «Сіз менің мекемде ауырған жоқсыз, басқа жерде жұқтырдыңыз», – деп айтуы мүмкін. Ал дәрігер оны дәлелдей алмайды.
Яғни сын сағатта сыр бермей, алдыңғы шепте жүрген дәрігер өз мәселесімен өзі қала ма? Бұл қалай болмақ? Осыған дейін вирус жұқтырған дәрігерлерге екі, қайтыс болғандарға 10 млн теңге төленіп келді. Ал 20 қазаннан бастап өтініш қабылдау тоқтады. Десе де министрлік алдағы жарты жылда қосымша жәрдемақы төлеуді жалғастырамыз деп отыр. Тіпті оның жедел жәрдем қызметкерлеріне берілуіне ұсыныс жасапты. Бұл үшін бюджеттен қосымша 120 млрд теңге бөлуді сұраған екен. Алайда ұсыныс қолдау таба ма, жоқ па, ол әзірге белгісіз.
Авторлары: Зайнұр Байжігіт