Қарағанды облысының Осакаров кентінде айыппұл тұрағы ашылды
Тәртіп бұзғандары жауапқа тартылмақ. «Бұл шара биыл ғана жөнделген жолдарды сақтап қалу үшін жасалып отыр», – дейді билік басындағылар. Бірақ ауыр техникасы бар ауыл тұрғындары қайтпек?
Қиыршық тас салынған мына жүк көлігінің салмағы 25 тоннадан асып кеткен. Көлік бақылау инспекциясының мамандары заңбұзушылықты анықтаған бойда техниканы бірден айыппұл тұрағына кіргізді. Бірақ жүргізуші Сергей Талалаев жаңа тәртіппен келіспейді.
Сергей Талалаев, көлік жүргізушісі:
- Айталық, жергілікті тұрғынның біріне жүк жеткізіп беруім керек. Сонда кент ішіне кіре алмаймын ба? Менің ойымша мәселе көлікте емес, жолдың сапасында.
Қазір Осакаров кентінде барлығы 64 көше болса, соның 54-і биыл жөнделген. 27 шақырым жолға асфальт төселіпті. Енді сол тақтайдай тегіс жолды сақтап тұру үшін жергілікті билік осындай ереже енгізіп отыр. Қазір жүк көліктері бар ауылдағы жүз тұрғынмен де келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді.
Серік Ақыжанов, Осакаров кентінің әкімі:
- Жүк көлігі бар жергілікті тұрғындар, әрине, кент ішіне кіре алады. Оған біз тыйым сала алмаймыз. Бірақ бос болуы керек. Тұрғындар бұл жағдайға түсіністікпен қарайды деген сенімдеміз. Қазірдің өзінде кейбір азамат көліктерін кент сыртына қалдырып жүр.
Мамандардың айтуынша, бұл – өңірде ашылған үшінші айыппұл тұрағы. Осы күнге дейін 40 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылып, оларға 4 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
Ермек Жақыпов, көліктік бақылау инспекциясының бөлім жетекшісі:
- Көлікте артық жүк болса, хаттама толтырылып, бірден айыппұл тұрағына қойылады. Тек ақшасын төлеген соң ғана қайтып алады. Айыппұл мөлшері жеке тұлғалар үшін 40, ал заңды тұлғалар үшін мың айлық есептік көрсеткішке дейін.
Бұған дейін өңірде техниканың салмағын таразылайтын жалғыз жылжымалы көлік бақылау бекеті болса, жуырда тағы екеуі жеткізілген. Олар Жезқазған, Теміртау және Осакаров елді мекендеріне қойылды.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев