Қарағанды облысындағы ауруханаларға 36 реанимобиль берілді
Осылайша өңірде жедел жәрдем көлігінің тапшылығы түбегейлі шешілді. Індеттің екінші толқынына кенді аймақтың дайындығы қалай?
Індеттің алғашқы толқынында жедел жәрдем көлігі жетіспей, халықтың абдырап қалғаны рас. Сол сыннан сабақ алған жергілікті билік қазір автопаркті жаңартып жатыр. Жыл соңына дейін емдеу мекемелеріне 60 техника берілмек. Облыс басшысының айтуынша, бүгінгі күні өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
- Қазір эпидахуал жаман емес, тұрақты. Мысалы осы жағдайға 44-45 госпитальді дайындадық. Қазір тек 17-сі жұмыс істеп жатыр. Ондағы орынның 4% толып тұр. Қалғандары бос.
Реанимобильдің іші заманауи қондырғылармен толық жабдықталған. Жол үстінде келе жатып-ақ науқастарға алғашқы көмекті көрсетуге болады. Дәрігерлер: «Бұл жедел жәрдем қызметін бұрынғыдан да жылдам әрі сапалы етуге септігін тигізеді», – дейді.
Гүлім Орынбекова, фельдшер:
- Керемет көліктер. Себебі науқастар ауыр жағдайда болады, көмек көрсетуге ыңғайлы. Орын көп, керектің бәрі қол астында. Енді жылдам әрі жеңіл көмек көрсетуге болады деп ойлаймын.
Айта кету керек, жуырда ғана облысқа үш автобус берілген болатын. Жылжымалы емханалар шалғайдағы ауыл-аймаққа барып, қызмет көрсетеді. Енді таяуда жол талғамайтын тағы бір медициналық көлік өңірге жеткізілмек.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев