Қарағанды облысында 8 ПТР зертхана жұмыс істейді
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметіне келіп, өңірдегі өткір мәселелерді тізіп, оны шешу үшін қандай жұмыс атқарып жатқаны туралы есеп берді. Соңғы 10 айда өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші қалай өзгерді? Президент тапсырмасы орындалып жатыр ма?
Облыс әкімі сөзін өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдан бастады. Ауруханалардағы науқастардың саны 4% аспайды. Бұл – ел ішіндегі ең төмен көрсеткіш. Тәулігіне 10 мың тестілеу жүргізуге қауқарлы 8 ПТР зертхана жұмыс істеп тұр.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
- Биыл денсаулық сақтау саласындағы 49 нысанда жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Қосымша Жезқазған қаласында 200 орындық модульдік аурухана салынды. Көктеммен салыстарғанда ауруханалардағы орын саны үш есе ұлғайды.
Ауызсудың азабын тартып жүрген қарағандылықтардың мәселесі 2023 жылға дейін толық шешіледі. Тіршілік көзін тасып ішіп жүргендерді сапалы сумен қамту үшін 90 жоба қолға алынған. Өңір басшысы Жезқазғанда қабырғалары жарыла бастаған екі қабатты үйдің жайына да тоқталды.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
- Техникалық сараптаманың қорытындысы 10 күннен кейін шығуы тиіс. Нақты шешімді сол кезде айтамыз. Егер сүрілсін десе, онда тұрғындарға өтемақы төлейміз немесе мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғызылған үйлерге көшіреміз.
Өңір басшысы аймақтағы агроөнеркәсіптік кешен саласын жақсартуға да ден қойып отыр екен. Осы ретте 33 млрд теңгенің 30-дан аса инвестиялық жобасы іске асуда. Сондай-ақ аймақтағы тасжолдарды жөндеуге де баса назар аударылуда. Биыл 2 мың шақырымға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Өңірге келген жалпы инвестициялар көлемі де аз емес. 530 млрд теңге. Бұл өңірде 12,5 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Авторы: Зайнұр Байжігіт