Кіші Арал теңізінен кез келген сәтте айырылып қалуымыз мүмкін
«Көкаралдың» жайынан сала басшылары хабардар. Дегенмен экологиялық әрі экономикалық маңызды құрылыс неге басталмай жатыр? Талай жыл күткен «САРАТС-2» жобасының тағдыры не болмақ?
Зауалхан Ермаханов 50 жылдан бері балық шаруашылығы саласында еңбек етіп келеді. 30 жылдан астам уақыт Арал ауданындағы ғылыми-зерттеу институтының бөлімшесін басқарған. Тәжірибесі мол майталман маман «Көкаралдың» бүгінгі жайына алаңдайды. Кіші теңізді ұстап тұрған бөгеттің беріктігі сыр бере бастаған.
Зауалхан Ермаханов, балық шаруашылығы саласының ардагері:
– Енді оны тездетіп жөндемесе, бізге Кіші Арал теңізінен айырылып қалу қаупі төніп тұр. Арал ауданының бүкіл халқы деп айтуға болады, яғни 60 пайыздайы осы теңізден тіршілік жасап отыр. Қазір теңізде 2 мыңға жуық балықшы балық аулайды. Он шақты зауыт бар қазір сол балықты қабылдап, шетелге экспортқа шығарып отырған. Солардың жұмысының бәрі тоқтайды. Егер қазір қолға алмасақ.
Мамандар: «Осыдан 15 жыл бұрын айтулы бөгетті салу кезінде жергілікті жағажай топырағы пайдаланылған», – дейді. Оның үстіне су жайылған аумақтарды ну қамыс басып, Сырдарияның бастапқы арнасы да өзгерген. Соның салдарынан 15 шақырымдық бөгеттің 300 метрдей жерін су үңгіп тастаған.
Мұхтар Оразбаев, Арал ауданының әкімі:
– Қазіргі таңда Геология, табиғи ресурстар министрлігінде 100 миллион 500 мың теңге қаржы бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары жасалуда. Бұл, әрине, Үкіметтің де, облыс басшылығының да үлкен бақылауында тұрған нысан және үлкен жұмыстар.
Теңізді байырғы арнасына оралтып, Арал қаласына бір шақырым жерге дейін жақындатады деген «САРАТС-2» жобасына қаржы тарту рәсімдері де созылып кеткен. Сондықтан екінші фазаның 4 компоненті мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылмақ. Ал Дүниежүзілік банк есебінен құны 190 миллион теңге болатын 3 компонентті іске асыру көзделген.
Бауыржан Оспанов, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
– Жалпы бүгінгі күнде Дүниежүзілік банктің жобаның техника экономикалық негіздемелерін әзірлеуге жұмыстар жасалуда. Бұл бойынша Дүниежүзілік банк тарапынан грант бөлу қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі осыған ұқсас жобаларды әзірлеуге мамандандырылған халықаралық компанияларды іріктеу бойынша жұмыстарын атқарып жатыр.
Арал аймағы үшін экологиялық маңызды құрылыс аясында Қазалы ауданындағы Бірлік елді мекені тұсында Сырдария өзені үстінен автомобиль көпірі салынбақ. Сондай-ақ апатты жағдайда тұрған Қызылорда су торабы қайта жаңғыртылады. Мұнан бөлек қорғаныс бөгеттерін нығайту, Сырдария өзенінің арнасын түзету мәселелері де қамтылған.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев