Хабар телеарнасы

Қостанай облысындағы алыс ауылдарға интернет орнатылды

Бұл ауқымды жоба толық іске асты. Жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізген елді мекендердің бірі – Қарасу ауданындағы, Қарамырза ауылы. Қазір жергілікті халық «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызатын» байланыс жүйесінің, игілігін көріп отыр.

Аудан орталығынан Қарамырза ауылына дейінгі 40 шақырымдық көтерме жол діттеген жеріңе жеткенше діңкеңді құртады. Жаңбыр жауса болды, ми батпаққа айналады. Осы аралыққа байланысшыларға жерасты талшықты-оптикалық интернет желісін тарту оңайған соққан жоқ. Кездескен қиындықтарға қарамастан, олар өз міндеттерін абыроймен атқарып шықты. Жоғары сапалы интернеттің пайда болғанына, әсіресе жергілікті ұстаздар дән риза.

Гүлшат Төлегенова, Қарамырза орта мектебінің директоры:

– Бұрын онлайн қосылу, электронды күнделік толтыру деген біз үшін өзекті мәселе болатын. Енді оның бәрі артта қалды. Қазір білім, тәрбие беру ісінде, ғаламтор желісінде балалармен ғана емес, ата-аналармен де тығыз байланыстамыз.

Қарамырза тұрғыны Лилия Жлибинастың екі баласы студент. Ауылдағы интернеттің әлсіздігінен олар қалаға кетіп, туыс-туғандарын жағалауға мәжбүр болған.

Лилия Жлибинас, қарамырза ауылының тұрғыны:

– Балаларға оқу өте қиын болды. Қашықтан оқытуға көшкеннен бері қаладағы әжесінікінде тұрып келді. Қазір үйде интернет бар балалар қасымызда. Оларға да ыңғайлы, бізде алаңдамаймыз.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы елімізде екі бағытта жүзеге асып жатыр. Оның бірі – оптикалық талшық желісін тарту, екіншісі – «250+» жобасы бойынша 900-ден астам елді мекенді мобилді интернетпен қамту.

Ерсайын Дүйсемалиев, Солтүстік аймақтық Телекоммуникация дирекциясының бас директоры:

– Қостанай облысы бойынша бұл программаға сәйкес, екінші проект «250+» сәйкес, 62 елді мекенге мобилдік мұнаралар орнату, мобилдік интернетке қосу жобасы жылдың аяғына дейін бітеді деп отырмыз. Көп елді мекендер интернет желісі жоқ жерлер барлығы қосылады.

Жыл аяғына дейін 250-ден астам тұрғыны бар ауылдардың 99,5 проценті кең жолақты интернетке қосылуы керек. Қостанайлық байланысшылар: «Бұл міндетті орындаймыз», – деп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг