Отырар ауданында ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологиялар енгізіле бастады
Бірақ шаруалар бұл қиындықтарға қарамастан бақша және астық тұқымдас дақылдарын өсіріп отыр.
Отырар ауданының жері ауыл шаруашылық дақылдарын егуге аса қолайлы емес. Мамандар мұны жерасты суларының көтерілуімен байланыстырады. Сортаң жерден мол өнім алу мүмкін еместей көрінетіні рас. Дегенмен, істің орайын тапқан шаруалар қандай қиындықты да еңсеруге дайын.
Хасен Мұсаев, шаруа қожалығының агрономы:
– Жылда 35 сантиметрге дейін жерді аударамыз. Астыңғы жағы қатып қалады 10 см жер, сол жерден су жақсы өтпейді, сол жерден тыныс алу жағдайы кемиді. Сол үшін біз жерді тереңге қопсыту амалын орындаймыз бірінші. Оны 4-5 жылда бір жасаймыз. Одан кейін біз жер жыртудан алдында 380-400 килограмм фосфорлық тыңайтқыштарды беріп жатырмыз. Бұл тыңайтқышты бермесеңіз, жерден өнім алу қиын.
Құрамында фосфор бар препарат топырақтану институтында дайындалыпты. Ол тұқымның тұзды жерде де өсіп-өніп кетуіне көмектеседі. Түйткілдің түйінін тарқатудың тағы бір жолы топырақты жиі жуып отыру қажет. «Бірақ аудан аумағында тіршілік нәрі кейде егістік алқаптарды суаруға да жетпей жатады», –дейді мамандар.
Батырбек Сыздықов, Отырар аудандық Ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:
– Осы мына беріп жатқан дәрі қыстай осы жерді құнарландырады. Жерді демалдырады. Сөйтіп көктемде өнімнің жақсы шығуына және өнімділікті артуына септігін тигізеді. Ғалымдардың берген кеңесімен, солардың берген дәрілерімен, олардың кеңесімен жұмыс жасап жатырмыз. Мұндай жер биылғы жылы 3 мың гектарға жуықтады.
Отырар аудандағы сурамалы жердің жалпы көлемі – 33 мың гектар. Биыл шаруалар бақша, жүгері және жоңышқа алқаптарынан 22 миллиард теңгенің өнімін жинады.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Ерболат Әбішов