Қаржы пирамидаларынан қалай қорғанамыз?
Расында олардың аражігін ажырату оңайға соқпай тұр. Үкімет басшысы айтқан тауарлардың заңды немесе заңсыз екенін анықтайтын мобильді қосымшалар енгізілсе, жағдай түзеледі деп ойлаймын. Алаяқтардың құрығына түсетіндер азаятыны анық. Алаяқтардың көкесі қаржылық пирамиданың айналасында жүр. Ондаған мектеп немесе екі мыңнан астам пәтер. Қазақстандықтар осыншама ғимаратты салуға болатын ақшаны қаржы пирамидаларына жұмсаған. Яғни 33 миллиард теңге деген сөз. Естіген жанның жүрегі ауырады, әрине, бұл тек білместіктің салдары.
Мұның бәрі тек осы жылы болған қылмыстар. Ол бойынша қазір 250 қылмыстық іс қозғалып, 98 адам тергелуде. Күдіктілердің бірқатары шетел асып үлгеріпті. Адамдар қайда жаңылып, неден сүрінуде?
«Жақсы дос – жолда қалдырмайды». Бақытжан осы ұстанымды ұстаған, үлкендердің тәрбиесін көрген ақкөңіл азамат. Сол ақкөңіл, аңғалдығы, жұртқа сенгіштігі басына соққы болды.
Бақытжан:
– Ең қатты зардап шеккен менің отбасым шығар. Мен 300 мың теңге кредит алып сонда салдым. Келіншегімде ақша салған. Анам да біраз ақша алып салыпты. Бір-бірімізге айтпағанбыз. Енді біліп отырмыз.
Алаяқтықтың бұл түрі жекелеген адамдарды былай қойып, тұтас әулетті, тіпті жекелеген өңірлерді қамтитын деңгейге жеткен.
Санжар Әділов, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы:
- Ең көп зардап шегушілер – Батыс және Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары. Нұр-Сұлтан қаласы, Павлодар, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында арызданушылар көп болды.
Сандарды сөйлетсек, ресми түрде тіркелген жәбірленуші – 25 мың адам. Оларды сан қақтырып кеткендерге қатысты 250 қылмыстық іс қозғалыпты. Шығын көлемі – 33 миллиард теңге.
Салтанат Көшербаева, Қаржылық мониторинг комитетінің аға тергеушісі:
– Еліміздегі қаржы пирамидалары түрленіп барады. Біріншісі – желілік маркетинг түрінде жұмыс жасайтындар. Екіншісі – тұтыну немесе ипотекалық кредиттің балама қызметін ұсынушылар. Сондай-ақ ломбард, әлеуметтік желідегі касса түрінде де әрекет етуде.
Тағы бір түрі әйгілі брендтердің акциясын сату. Бұл іспен еліміздің 5 аймағында шетелдік азаматтар айналысқан. Салым көлемі бір мың доллардан басталған.
Артур Хайрутдинов, Ақтөбе облысы бойынша Тергеу басқармасының басшысы:
– Тұрғындарға ақша қаражаттарын ірі компаниялардың бағалы қағаздарына инвестициялауды ұсынғаны белгілі болды. Салымшыларға ай сайын жалпы салған сомаларының 6 пайызы көлемінде жаңадан тіркелген серіктестің салым сомасынан 5 пайыз пайда алатыны уәде берген.
Дегенмен өзгелерді алдап қаржы жымқырушылардың негізгі бөлігі – өз азаматтарымыз. Қазір 98 адам тергелуде. Олардың бірқатарынан қаржылай және мүліктік заттар тәркіленген. Бірақ оның көлемі барлық шығынды жабуға жеткіліксіз.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Әлібек Алиев