Президент «Бозжыра» шатқалында салынатын қонақүй құрылысын қайта қарауды тапсырды
Алдымен Жаңаөзенге, сосын Сенек ауылына жетесіз. Одан әрі 20 шақырымдай жолсыз жермен жүруге тура келеді. Қиындыққа шыдаған жан аймақтың таңғажайып сұлу мекендерінің бірімен танысады. «Қазақстанның ескерткіштер қорғаны» деп аталып кеткен жерге қонақүйдің бой көтеретінін естігендердің бірі оны қолдайтынын жеткізсе, енді бірі шатқалдан алыс жерге салу қажеттігін айтады.
БЛИЦ:
– Осының басынан бастап қоғам белсенділері қазір көрсетілген, ұсынылған жобаға біз қарсымыз. Сол жерде қонақүй салынуына. Себебі Бозжыраның өз ерекшелігін бар, онда біз соны жоғалтып аламыз.
– Я за туризм, за развития Актау. Чтоб нас больше узнавали, чтоб больше туристов приезжали. Главное, не вовред людям и экологий.
– Я отнощусь очень положительно, так как это развивает нашу область. Развивает туризм в нашем городе Актау.
«Қоғамдық резонанс тудырған мәселеге байланысты Мемлекет басшысы пікірін білдірді». Бұл туралы баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Президент экологиялық туризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайды. Ол үшін қажетті инфрақұрылым мен жайлы қонақүйлер қажет. Сондықтан да Үкіметке бұл құрылысты қайта қарастыруды тапсырды.
Өркен Бисақаев, ҚР Мәдениет және спорт Вице-министрі:
– Биыл «Бозжыраның» көркем көрінісін тамашалаушылардың саны 10 есеге өскен. Тамыз-қазан аралығында 2 мыңға жуық адам барды. Келер жылы бұл сан 5 есеге өсуі артуы мүмкін. Туристердің бейберекет барып, өздігінше жүруі бұл табиғатқа орасан зиян келтіреді. Сондықтан да ол жерге жол төсеп, қорықтың талабын сақтай отыра визит орталығын салу керек. Сонда ғана көркем жерімізді адамдардың ластауынан қорғап әрі туризмді дамыта аламыз.
«Бозжыра» маңында сафари-мейрамхана салу идеясын биыл Ақтауда Риксос қонақүй кешенін тұрғызған шетел инвесторлары ұсынған. «Жобаның соңғы нұсқасы әлі дайын емес. Алдымен қоғамдық тыңдауда талқыланады», – дейді Қарақия ауданының әкімі.
Қыдырберді Беков, Қарақия ауданының әкімі:
– Бүгінгі күні «Бозжыра» шатқалында тиісті жұмысшы тобы басында жүр. Бізде қонақүйлерді қайда саламыз, бутик отельдерді қайда орналастырамыз деген бағытта жұмыстар басталып кетті. Инвестор тарапынан жер бөлу мәселесі жөнінде өтініш келіп түсті. Оны қарастырып жатырмыз. Әрине, жер бөлу мәселесі, құрылыс жұмыстарын салу қоғамдық тыңдау арқылы жүргізілетін болады.
Маңғыстау облысында туризмді дамыту – Үкіметке жүктелген міндеттердің бірі. Бұл бағытта жұмыстар басталып та кетті. Теңіз жағалауында биыл 5 жұлдызды қонақүй кешені іске қосылды. Жуырда курорттық кешеннің екінші кезеңінің құрылысы басталды. Ақтау қаласының «Жылы жағажай» теңіз курорттық аймағын инфрақұрылыммен қамту мақсатында Үкіметтің қолдауымен 17 миллиард теңгеге 15 шақырым жол салынды.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев