Балық өсірудің аймақтық тұжырымдамасы қажет
Сондай-ақ әрбір облыс өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып, балық өсірудің аймақтық тұжырымдамасын жасауы қажет.
Мұндағы мақсат – өнім көлемін жылына 600 мың тоннаға жеткізу. «Бірақ бұл жоспарды орындау үшін әуелі Су Кодексіне өзгерту енгізу қажет», – дейді мамандар.
Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Сортөбе ауылы Шу өзенінің жағасында орналасқан. Бұл елдімекеннің өзенге жақын тұсында жер астынан шығатын бұлақ көп. Рамазан Харсанов пен Марлен Тұрсынәлі осы суды кәдеге жаратып, ханбалық өсіріп отыр. Каскадты бассейн әдісінің арқасында аумағы аз ғана судан жылына 50 тонна балық алып келген. Болашақта оны 200 тоннаға дейін жеткізсек деген жоспарлары бар.
Рамазан Харсанов, шаруа қожалығының жетекшісі:
– Ол үшін бізге қосымша жер қажет. Мына жер астынан шығатын судың ағысын жағалай тағы бассейндер салуға болады. Болашақта балық өңдейтін және шабақтарды өсіретін инкубациялық цех ашсақ деген ойымыз бар. Өзіміздің бизнес жобамызды қорғадық. Енді құзырлы мекемелердің шешімін күтіп жүрміз.
Бұл Жамбыл облысындағы алғашқы форель фермасы. Каскадты бассейн жасауға шығын аз кетеді. Жер астынан шығатын су Өтеген, Қордай және Қақпатас ауылының маңында да бар. Судың температурасы қыста 7-8, ал жазда 17-18 градус жылы. Яғни жыл он екі ай ханбалық ұстауға қолайлы. «Еліміздегі өзге де өзен, көлдерді тиімді пайдалануға Су Кодексіндегі кейбір жайттар кедергі келтіруде», – дейді шаруалар.
Марлен Тұрсынәлі, шаруа қожалығының жетекшісі:
– Су жағалау жерлерінде заң жүзінде балық шаруашылығын салуды рұқсат берсе дейміз. Бұл кей өңірлерде рұқсат береді. Кейбір өңірлерде рұқсат берілмейді. Мысалы, Алматы облысында бөлек шешілсе, Жамбыл облысында бөлек жағдайда шешіледі. Жалпылама бір заң керек. Су қорғау белдеуінде балық өсіруге рұқсат беріледі деген сондай заң бекітілсе, біз сол кезде балық шаруашылығымен жақсы айналысатын едік.
Фермерлердің бұл пікірін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне жеткіздік. Ондағылар мәселе шешімін табуы мүмкін деп жауап берді.
Мирас Ғаббасов, ҚР ОШЖК Балық ресурстарының өсімін молайту және акваөсіру басқармасының басшысы:
– Бұл сұрақ талқылануда. Су қорғау белдеуінде балық шаруашылығын жүргізуге рұқсат беру үшін Су Кодексіне өзгеріс енгізу жайы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Сондай-ақ қазір балық шаруашылықтарына екі түрлі субсидия беріледі. Жем бағасының 30, ал инвестиция салған кезде құрал-жабдық құнының 25 проценті субсидияланады.
Болашақта аналық балық пен қажетті дәрі-дәрмекті субсидиялау да қарастырылуда. Тағы бір мәселе – балық шаруашылықтарының стандартын бекіту. Мұнда халықаралық талаптар ескерілуі тиіс. «Бұл өнімді экспорттауды жеңілдетеді», – дейді шаруа қожалықтарының өкілдері.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев