Ақтөбе облысының ауылшаруашылық еңбеккерлері марапатталды
Бұл – Ақтөбе облысының өткен он айда ауыл шаруашылығы саласында жеткен жетістігі. Көрсеткіш былтырғыдан 5% жоғары. Пандемия кезінде де саланың дамуы артып, көрші өңірлердің сұранысын қамту тұрақты жолға қойылған. Ауыл еңбеккерлерінің кәсіби мерекесінде өңір шаруаларына облыс басшылығы құрмет көрсетті.
Алтынбек Қуанышев ірі қараны оңалтып, салмағын арттырудан өзге әр аналық бастан алынған төлді тез жетілдіру жолын біледі. Үздік малшының еңбегі ешқашан елеусіз қалған емес. Бүгінде жұбайы екеуі қызмет ететін шаруашылық көрші орналасқан Аралтоғай ауылындағы мал тұқымын жақсартуға да кіріскен.
Алтынбек Қуанышев, малшы:
- Халықтың малын аламыз. Жазда қосады. Қар түскенше бағып береміз. Оларды асылдандыру үшін бөлек бақтырып, асыл тұқымды бұқаларды қосамыз.
Ауыл шаруашылығы күні мерекесінде еңбегімен еленген 50-ден астам шаруа тиісті министрлік пен облыс әкімі және өзге де ұйымдардың марапатына ие болды. Олардың арасында үздік малшы, сауыншы, бағбандар да бар. Сала еңбеккерлерінің арқасында биылғы он айда өндірілген өнім көлемі артып, өңдеу ісі де тұрақты жүрді. Нәтижесінде облыс өз-өзін ауыл өнімдерімен қамтып қана қоймай, көрші аймақтарға да жеткізіп жатыр. Тартылған инвестиция көлемі де 14% өсіп, шаруаларға бағытталған мемлекеттік қолдау түрлері ұлғайды.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Ақтөбе облысы – ауылшаруашылық әлеуеті жағынан өте мықты өңірлердің бірі. Мүмкіншілігі мол. Егіннің өзіне тоқталатын болсақ, 11,5 центнер орташа есеппен алғанның өзі көп жылдан бері болған жоқ. Мал шаруашылығына келетін болсақ, қазіргі таңда жылқы басы, ірі қара, түйе, қой болсын, әр жерде өсім байқалады.
Бүгінде облыста негізгі 32 азық-түлік түрінің 24-і өндіріледі. Оның көлемін арттыру үшін келер жылдан бастап ондаған жоба іске аспақ. Сондай-ақ мал азығы мен егін шаруашылығын өркендету үшін суармалы жерлердің көлемін 100 мың гектарға жеткізу жоспарда.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев