Жезқазған қаласында алдағы бес жылда жаңа аудан пайда болады
Шаһардың бас жоспарына сәйкес келешекте бұл маңда тағы бірнеше нысан бой көтермек.
Кеңгір су қоймасына жақын орналасқан мына алаңда бес үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ол үшін қазынадан 1,5 млрд теңге қаржы бөлінген.
Маруа Келмағанбетова, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Бір үйдің құрылысы аяқталды. 60 пәтерлі жалға берілетін үй. Оның кілттері жақын арада тапсырылатын болады. Сондай-ақ 2021 жылдың басында 30 пәтерлі екінші үй пайдалануға беріледі.
Қазіргі күні Жезқазған қаласында 200-ден астам ескі үй бар. Оның біразы апатты жағдайда тұр. Сондықтан жаңа баспаналар бірінші кезекте сонда тұратын мұқтаж отбасыларына берілмек.
Қайрат Абсаттаров, Жезқазған қаласының әкімі:
- Былтыр осы кезекте тұрған азаматтардың 45-іне ғана үй берілген, биыл 125-іне үй береміз. Егер де биыл 20 мыңнан астам шаршы метр үйді іске қоссақ, келесі жылы 25 мың, одан 30 мыңға көбейеді деген жоспарымыз бар.
Бүгінгі таңда мысты шаһарда 2355 адам үй кезегінде тұр. Соның бірі – Салтанат Сүлейменова. ХҚКО-да еңбек ететін жалғызбасты ана жаңа үйден 5% жеңілдікпен екі бөлмелі пәтер алған.
Салтанат Сүлейменова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Менің жағдайым келіп тұрған соң, мен соған келістім. ТҚЖБ арқылы документтерімді өткізіп, екі бөлмелі үй алдым. Менен кейінгі тұрған адамдардың кезегі сонда тез жылжып отырады.
Айта кету керек, салынып жатқан бес үйдің үшеуі жалдамалы баспана, ал қалған екеуі ипотекаға беріледі. Бас жоспарға сәйкес болашақта бұл маңда балабақша мен мектеп, емхана салынбақшы.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев