«Шымкент – ТМД мәдени астанасы 2020» жылы аяқталды
Халықтың тілегі жазылған кітап пен қызғалдақ түйнегі тиелген керуен Жібек жолы бойымен Душанбеге аттанды. Ал Шымкентте «ТМД мәдени астанасы 2020» жылы салтанатты жағдайда жабылды.
Шымкент қаласы 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы болып белгіленді. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты мерекелік іс-шаралардың дені ТМД елдері өкілдерінің қатысуымен онлайн өткізілді. Жалпы мәдени астана жылы аясында екі мыңға тарта іс-шара өткізіліп, оған 1 млн-нан астам көрермен қатысқан. Жыл қорытындысына оң баға берген қала әкімі Мұрат Әйтенов эстафетаны Душанбе қаласына табыстады.
Мұрат Әйтенов, қала әкімі:
- Қаламыздың ТМД елдерінің мәдени астанасы атануы біз үшін үлкен мақтаныш. Тұңғыш Президентіміз Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жарлығымен шуақты Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруі абыройымызды асырды. Туған қаламыздың мәртебесін арттырған осы іс-шараларды өткізуге көмекші болған барлық отандасымызға алғысымды білдіремін.
Салтанатты шарада ТМД атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев онлайн байланыс арқылы қала тұрғындары мен қонақтарына арнайы мерекелік құттықтауын жолдады. Жиынға қатысқан Тәжікстанның Алматы қаласындағы Бас консулы Баходур Назир мырзада шым шаһардың қонақжайлығын тілге тиек етті.
Боходур Назир, Тәжікстан Респбуликасының Алматы қаласындағы Бас консулы:
- Душанбе қаласының 2021 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы атануы бізге зор жауапкершілік жүктейді. Осы арқылы еліміздің мәдениеті жанданады. Біз маңызды шараға үлкен жоспар құрып отырмыз. Бұл мемлекетіміздің мәртебесін көтеретін болады.
Шымкенттің 2200 жылдығына орай 2200 кітап, 2200 тұмарға жазылған халықтың тілегі және 2200 қызғалдақ түйнегімен толтырылған керуен Жібек жолымен Душанбеге аттанды.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов