ТҚЖБ баспана алудың жаңа мүмкіндігін ұсынып отыр
Содан бері ТҚЖБ арқылы әкімдік кезегінде тұрған 2,5 мыңнан астам азамат жылдық мөлшері 5% болатын ипотекалық займ алып, баспаналы болған. Енді «Шаңырақпен» жеке шаңыраққа ие болудың мүмкіндігі тіпті артпақ. ТҚЖБ елдегі ірі құрылыс компаниясымен бірлесе отырып, қолайлы шарттармен жайлы баспана алудың жаңа мүмкіндігін ұсынып отыр.
Бағдарлама басталғанда, яғни тамыз айында ел бойынша 532 мың азамат баспана алу үшін әкімдіктерде кезекте тұрған. Бір Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мұндай азаматтардың саны 46 800-ден асып кеткен. Шаңырақ «5-10-20» бағдарламасы арқылы олардың 2,5 мыңнан астамы баспаналы болды, тағы 4,5 мың өтінім мақұлданған.
Жансұлтан Матаев, «Қазақстанның ТҚЖБ» АҚ орталық филиалының директоры:
- Яғни еліміз бойынша 4 286 адам осы мақұлдауды алғаннан кейін олардың алты ай уақыты бар. Олар пәтер іздеп жүр. Пәтерді тек алғашқы нарықтан ғана ала алады және оған қоса 4 900 өтінім қаралып жатыр.
Банк елдегі ірі құрылыс компаниясымен келісімшартқа қол қойып, бағдарлама қатысушыларына екі жеңілдік ұсынып отыр. Оның бірі клиенттер салынып жатқан тұрғын үй кешендерінен пәтер алатын болса, үй құнына 7% жеңілдік жасалады не 12 ай бойы несие бойынша процент төлеуден босатылады.
Әсел Жүнісова, BI Group компаниясының коммерциялық директоры:
- Үй салынып жатқанда клиентке несие төлеу тіпті ауыр. Біз оны түсінеміз. Сондықтан біздің компания үйдің құрылысы біткенге дейінгі уақытта, яғни бір жыл бойы қарыз бойынша процент көлемін өз мойнына алып отыр.
Жансұлтан Матаев, «Қазақстанның ТҚЖБ» АҚ орталық филиалының директоры:
- 18 млн несие алған азамат осы бағдарлама аясында айына 139 мың теңге төлеу керек болса, соңғы 64 800-ін ғана төлейді. Қалғанын құрылыс компаниясы төлеп береді.
Биыл «Шаңырақ» бағдарламасы аясында 8 мыңға жуық қазақстандықты баспанамен қамту жоспары тұр.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Серік Қоңырбаев