Ақтөбеде Елбасы күніне орай «Ортақ шаңырақ астында» шарасы өтті
Тұңғыш Президент күніне орай өткен шарада Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз мемлекет құрудағы тарихи жолы, татулық пен достықты дәріптеген ҚХА құруы баға жетпес құндылық екені айтылды.
Роза Долженко Тұңғыш Президент күні тек елде ғана емес, әлемдік деңгейде де үлкен маңызға ие екенін айтады. Елбасының ұлттар арасындағы достықты сақтаудағы саясатын өзі басшылық ететін украиндердің «Оксана» ұйымының мүшелеріне де дәріптеп келеді.
Роза Долженко, «Оксана» украиндер этно-мәдени бірлестігінің төрағасы:
- Ақтөбе облысы ҚХА-сы үшін биылғы жыл өте мазмұнды болды. Этно-мәдени бірлестіктер өздерінің белсенді қызметтерін онлайн түрде жалғастырып, жақсы нәтижелер көрсетті. Іс-шаралар, концерттер, қайырымдылық акциялары, тақырыптық кездесулер өткізілді.
Бүгінде Ақтөбе облысында 90-нан астам ұлт өкілі тұрады. Тату-тәтті өмір сүріп, ортақ Отанның дамуы үшін әр салада еңбек етіп жүр. Ал ҚХА ғимаратында орналасқан 18 этно-мәдени бірлестікте ұлттық болмысты сақтап, насихаттау жұмысы да жүйелі жүріп тұрады. Оның ішінде қазақ тілін үйренуге де баса мән берілген. Барлығы да Елбасының елді дамытудағы ерен еңбегін жоғары бағалап, түрлі іс-шараға белсенді қатысып келеді.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Бұл – барша халқымыздың Елбасына шынайы ризашылығын білдіріп, өзіміздің даму жолымызға көз жүгіртіп, ой қорытатын сәт. Шынын айту керек, мұндай Ассамблеяның дүниежүзілік қауымдастық ішінде теңдесі жоқ. Біз, әрине, Ақтөбе өңіріндегі әр этнос өкілдерінің дамуына атсалысамыз.
«Ортақ шаңырақ астында» атты шара аясында «Біз біргеміз» акциясына белсене қатысқандар алғыс хаттармен марапатталды. Ал этно-мәдени бірлестік өкілдері облыс әкімінің сыйақысына ие болды.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев