Күнбағыс майы тек өзімізде өңделетін болады
Ол үшін өңірде егістік алқаптарға нұқсан келтірмей, өнімділікті арттыру жұмыстарын қолға алуы керек. Осылайша шаруалар жыл сайын 900 мың тоннаға дейін майлы дақыл жинауды жоспарлап отыр. «Күнбағыс өзімізде өңделсе, оның тиімді тұсы көп», – дейді мамандар.
Еліміздегі өсімдік майының үштен екі бөлігі шығаста өндіріледі. Қалғаны Алматы мен Шымкенттегі зауыттарда шығады. Дегенмен шығыстағы күнбағыс өңдейтін зауыттардың қанша тонна шикізат болса да өңдеуге қауқары жетеді. Оған қоса облыста 2022 жылға дейін тағы екі зауыт салынбақ. Сондықтан бұл кәсіпорындарды шикізатпен қамту үшін аймақтағы аграрлар күнбағыс егістігінің көлемін ұлғайтуы тиіс. Сонда ғана бір жылда 1 млн тонна шикізат өңдеуге болады.
Фарид Әбітаев, майлы дақыл өсіретін шаруашылық жетекшісі:
- Өндірістің тиімділігін арттырсақ, қаржы өз елімізде қалады. Мәселен, Қытайға және басқа елдерге майлы дақылдарды тек шикізат ретінде сатсақ, отандық өнеркәсіп ешқашан дамымайды. Сондықтан әуелі өз зауыттарымызды өніммен қамтып алуымыз керек.
Бүгінде шығыста жалпы жиналған күнбағыстың 30% астамы ғана өңделеді. Қалған 70% шикізат күйінде экспортталды. Өйткені шаруаларға солай тиімді. Сондықтан облыс әкімі Даниал Ахметов сұйық май шығаратын жаңа зауыттар салынса, шикізат өз елімізде қаларына сенімді. Есесіне күнбағыс майының бағасы да арзандайды.
Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:
- Біз бірнеше жыл бұрын күнбағыс тәріздес барлық майлы дақыл өнімін экспортқа шығаруды тоқтату жөнінде міндет қойғанбыз. Алайда ол міндетті орындай алмадық. Дегенмен Семей қаласында осы қараша мен желтоқсанда жылына бір мың тонна май өңдейтін зауыт іске қосылады. Ал 2022 жылы дәл сондай тағы бір зауыт қосылады. Қазір облыста 550-580 мың тонна майлы дақыл жиналады.
Жалпы еліміз бойынша жаңадан салынатын май зауыттарының құрылысына инвесторлар 108 млрд теңге салмақ. Бұл бағытта 12 жоба бар. Ауыл шаурашылығы министрлігі бұл жобаларды 2024 жылға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Нәтижесінде отандық зауыттар импортқа тәуелділіктен құтылады.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин