Павлодардың вокзалынан тастанды бала табылды
Бұл оқиға кеше түнде полиция инспекторлары мен волонтерлерді тікесінен тік тұрғызды. Олар сол маңды түгелдей шолып, куәгерлер арасында сауалнамалар жүргізді. Араға екі сағат салып, 33 жастағы әйел ұсталды. Ол Павлодарға Семейден такси жалдап келген екен.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, оның үш баласы бар. Үлкен ұлы әжесімен Екібастұз қаласында тұрады. Аялдамадан табылған тоғыз айлық сәби қазір балалардың облыстық Жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Суық тигені болмаса, баланың өміріне қауіп жоқ. Оның бойынан ешқандай жарақат іздері байқалмаған.
Әсет Ақбиева, карантиндік бөлімшенің меңгерушісі:
– Ауруханаға түскен кезде температурасы 37,8 болды. Тамағы қызарып кеткен. Жөтелі бар. Қазір жағдайы жақсы. Дене қызуы қалыпты деңгейде. Карантиндік бөлімшеге жатқызылып, COVID-ке тексеру үшін ПТР сынама алынды. Осы жерден Балалар үйіне жіберіледі.
Нұрлан Мәсімов, облыстық Полиция департаментінің басшысы:
– Баланы қауіпті жерге қалдырып кеткені бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 119-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тексеріс барысында әйелдің 9 және 1-2 жастағы балалары бар екені анықталды. Соңғы жылдары Тараз қаласында тұрғаны және кенже баласын әдейі тастап кеткені белгілі болды.