Ақтөбеде «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық жинағы жарық көрді
Ақтөбеде «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық күйтабақтың тұсаукесері өтті.
Батырлар дастанына арқау болған жыр жинағы заманауи үлгіде өңделіп, оны елімізде танымал өнерпаздар орындаған.
Заманында халық арасында кеңінен таралып, кейіннен ұмыт бола бастаған бұл жыр-дастандар қазіргі ұрпақ үшін таптырмас қазына. Ұлттық ауыз әдебиетінің болмысы мен әр алуандылығын көрсетіп қана қоймай, өткен күннің халық санасында мәңгі сақталғанын меңзейді. Себебі батырлар эпосын тыңдай отырып, қазақтың басынан кешкен баз күндерді де зерттеуге мүмкіндік бар. Тіпті түркітілдес халықтарының ортақ тарихын да шолуға болады. Ал көп жанрлы дәстүрлі өнерімізбен таныстыру арқылы өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беру тіптен өз алдына.
Алмас Алматов, профессор, Қазақ ұлттық өнер университетінің педагогі:
– Алтын орда дәуірі, одан бізге жеткен мәдени мұралар – соны жас ұрпаққа жаңа форматта насихаттау. Сондықтан Қазақстанның барлық аймақтарынан негізгі нұсқаларын жырладық. Ол Мұрын Сеңгірбекұлының нұсқасы бойынша, Нұрпейіс Байғаниннің, Нұртуған Кенжеғұлұлының және Қайролла Иманғалиев жыраудың. Осы төрт кісінің нұсқасы бойынша жырладық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл бастама бүгін айтарлықтай белеске жетті десе де болады. Себебі бірнеше жылдар бойы жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде жыр-дастандар жинағы жарық көрді. 40-тан астам белгілі дәстүрлі әншілердің орындауындағы туындыларды енді сандық үлгіде де көпшілікке таратуға мүмкіндік туды.
Мейрамбек Шермағанбет, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары
– Бүгін халықаралық деңгейде ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Оған көрші Ресей елінен, Германия елінен едігетанушылар қатысып, өзінің хабарландыруларын, зерттеулерін айтып өтіп жатыр.
Дастан 500 данамен жарыққа шыққан күйтабақтан бөлек «Қырымның қырық батыры» және Едіге батыр туралы тарихи мәлімет жинақталған қосымша кітап та бар. Қазақ ауыз әдебиетінің маржандары, жыраулардың өмірбаяндары туралы да деректер келтірілген.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков