Шығыстағы Бұқтырма су қоймасына салынатын көпір құрылысы басталды
Жобаның жалпы құны 30 млрд 200 млн теңгені құрайды. Бұл қаржы республикалық және облыстық бюджеттен бөлінбек.
Бұқтырма су қоймасының сол жағалауындағы үш аудан халқының қатынасы қазір паромға тәуелді. Жаз бен күзде көліктерді жағаға екі паром жеткізеді. Алайда қалқымалы өткелмен ауыр жүк көліктері мен әскери техникаларды өткізуде кейде қыиндықтар болады. Жалпы паром арқылы бір айда аз дегенде 300-400 көлік тасымалданады. Ол үздіксіз жүріп тұруы үшін жылына 360 млн теңге жұмсалады. Ал қыс айларында паром тоқтаған кезде көліктердің көбі мұз үстімен жүреді. Осы сала сарапшыларының айтуынша алып көпір салынған соң аймақтағы көлік-инфрақұрылмының әлеуті әлденеді.
Гүлнұр Қоңырбаева, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ғылым магистрі:
- Бұл көпірдің салынуы әлеуметтік жағынан да, экономикалық жағынан да пайдасы өте зор. Өйткені бұл жерде жүк айналымының, жолауышлар тасымалының қарқыны жоғарлайды. Сондықтан да бұл көпірдің салынуы дәл кезінде қабылданған жоба.
Көпір салу бұрыннан айтылып келеді. Тек соңғы 3-4 жылда облыс әкімі Даниал Ахметовтің ұсынысы нақты қолдау тапты. Биыл көктем айында тендер жарияланды. Нәтижесінде осы өңірдің өзіндегі «ОблШығысЖол» компаниясы жеңімпаз деп танылды. Ал негізі қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді.
Нұрбек Тұраров, облыстық Автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Қаржыландыру 90% республикалық және облыстан қаржылануы тиіс. Облыстан 10% болса, республикадан 90%. Биыл осы бастамаға облыстан 200 млн бөлінді. Қазір жағалауда дайындық жұмыстары басталып кетті. Келісімшартқа отырдық.
Алып көпірдің ұзындығы 1500 ал, ені 14 метр болады. Көпір екі жолақты, халықаралық стандарт бойынша салынады. Нақты құрылысы келер жылы басталып, кезең-кезеңмен атқарылмақ.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин