Тұңғыш Президент күніне орай қызылордалық 100 отбасы баспаналы болды
Үйлі болғандар қатарында құқық қорғау саласының өкілдері, әскери қызметкерлер, мұғалімдер, дәрігерлер және мәдениет саласының мамандары бар.
Бибігүл Садықова Қызылжарма ауылындағы мектепте мұғалім. Ол 2 жылдан бері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» салым ашып, баспана алу үшін қаржы жинаған. Міне, бүгін сол арманы орындалып, Сырдың сол жағалауынан 3 бөлмелі жаңа пәтерге ие болды.
Бибігүл Садықова, қала тұрғыны:
– 3 бөлмелі пәтер. Бірінші қабат, үйім жылы, кең, ремонты жақсы жасалған. Жас отбасы болса, жалдамалы пәтер алып жүргеннен гөрі, осылай алғашқы жарнасын салып, үй алған дұрыс деп ойлаймын.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы биыл 1 мың 200 қызылордалық жеке шаршы метрлеріне қол жеткізді. Бүгін де 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 100 отбасы қоныстойын тойлады. Аулада ойын алаңы, бейнебақылау камерасы мен домофон орнатылған. Жаңадан бой көтерген шағын ауданда жоғары оқу орны, мектеп, балабақша, мұражай мен Жастар орталығы орналасқан.
Әділжан Сәулебаев, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалының директоры:
– Осы сол жағалауда одан әрі үйлер беріледі. Және жергілікті біздің құрылысшылар арқылы суммасы 12 миллион теңгеден аспайтын тағы да осы «Шаңырақ» «5-10-20» бағдарламасымен үйлер беріледі.
Салтанатты шара аясында баспана иелеріне құттықтауын жеткізген облыс әкімі Қызылорда қаласында жыл соңына дейін тағы 720 пәтер пайдалануға берілетінін хабарлады.
Айта кетейік, соңғы жылдары облыс орталығында тұрғын үй құрылысы қарқын алып, 9 мыңға жуық қызылордалық баспаналы болды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов