Ақтөбеде 353 отбасы қоныстойын тойлады
Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған шараға өңір басшысы қатысып, қуаныш иелерін құттықтады.
Баспана кезегінде Зоя Базарбаева 12 жыл тұрған. Жолдасымен бірге 7 бала тәрбиелеп отырған отбасы осы уақыт аралығында саяжайларда үй жалдап, күн көріпті. «Су жаңа 3 бөлмелі үйдің кілтін табыстаймыз деп әкімдік қызметкерлері хабарласқанда сене алмадым», – дейді.
Зоя Базарбаева, қала тұрғыны:
– Тұңғыш Президенттің мерекесіне осындай тұспа-тұс келген осы қуанышымызда біздің шек жоқ. Рахметімді айтамын. Алғысым шексіз. Осындай үш бөлмелі үйлі болып жатырмыз. Жақсы, әдемі үйде. Жаңа жылды осында қарсы алғымыз келеді. Балалар өте қуанышты.
Нұр-Ақтөбе ауданында бой түзеген бұл зәулім үй әлеуметтік тізімге енген азаматтарға тиесілі. Яғни соғыс ардагерлері мен көпбалалы аналар, жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға үлестірілді. Мемлекеттік қаржыға салынған жалдамалы баспана кілтін облыс басшысының өзі табыстады.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
– Жалдамалы пәтерге 700-ден астам жерлестеріміз қол жеткізіп отыр. Ол барлығымыздың да ортақ қуаныштарымыз. Балалардың алаңдарын келешекте амандық болса, осының барлығын біз абаттандыру алдымыздағы жылда тұрған жоспарлардың бірі.
Қазір Ақтөбеде 24 мыңнан астам азамат мемлекет қорынан берілетін пәтерге үміткер ретінде кезекке тіркелген. Сондықтан мұқтаж жандарға жалдамалы баспанадан бөлек мемлекеттік бағдарламалар да ұсынылып отыр. Мәселен, «Бақытты отбасы» жобасы аясында биыл ақтөбелік 302 жан өтініш білдірсе, 276 отбасы баспаналы болды.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков