Маңғыстаулық мерген қыз Сәнім Мұрат спорт мектебін ашты
Жаңаөзен қаласында құралайды көзге атқан мерген қыз тұрады. Ат құлағында ойнайтын Сәнім Мұрат – жамбы ату мен садақ тартудың хас шебері.
Мерген қыз жуырда спорт мектебін ашып, ізбасарларын дайындауға көшті. Бұл – оның сүйікті ісі, ал негізгі жұмысы – мұнай-газ кен орнында. Ұлттық ойындарды жандандыру арқылы қазақы дәстүрді дәріптеп, дамытуды мұрат тұтқан мергеннің бұл игі ісі аз уақыт ішінде жақсы нәтиже көрсеткен.
Сәнімнің ұлттық спортқа деген қызығушылығы 6 жыл бұрын басталған. Қыз қуу жарысына қатысып, жеңіске жеткен соң, аттың үстінде жүріп, жамбы атуды меңгере бастайды. Арнайы үйірмеге қатыспаған. Өзінің ынтысының арқасында садақ атуды үйреніп алады. Ұлттық спортты дамытуды мақсат тұтқан Сәнім жақында садақ ату мектебін ашты.
Сәнім Мұрат, садақ ату мектебінің басшысы:
– 7 күн жұмыс жасаймын, 7 күн демаламын. Демалысымда осы балалармен жаттығамын. 7 күн демалысымда осы бар күшімді бастап жатқан соң залға салып жүрмін. Өзімнің хоббиім, өте қатты жақсы көремін. Ұнайды және де осы Маңғыстаудан, Қазақстаннан чемпион шықсын деймін. Ұлттық спорт, жамбы атуды, дәстүрлі садақ ату дамысын деген сондай үлкен мақсатым бар.
Қазір мектепте 50 спортшы жаттығады. Ең жасы – 7-де, үлкені – 57 жаста. Садақ атуды меңгеру адамның жас ерекшелігіне қарамайды. Ынта мен жігер болса болғаны. Аптасына екі күн залда, бір күндерін ипподромда өткізіп, аттың үстінде жаттығады.
Гүлмира Әбішева, тілші
– Садақ атудың екі әдісі бар, біріншісі – европалық, екіншісі қазақи. Бұл жердегі оқушылар қазақи әдісті қолданады және мынадай қазақ садағын пайдаланады. Бұл садақты өздеріңіз көріп тұрсыздар, арнайы пішінде жасалған. Бұл садақтың тартылу күші 45 келіні құрайды. 45 келі садақты шамамен 100-150 метрден ату керек. Садақ ату өнері жалпы адамның бұлшық етін қатайтады, жүйке жүйесін жақсартады және және көзге пайдалы.
Садақ ату өнері – баланы қырағылыққа, қайсарлыққа, ойын жинақтап, сабырлы болуға тәрбиелейді. 12 жастағы Әлиханның садақ атуды меңгере бастағанына 3 ай болды. Аз уақыттың ішінде жақсы нәтиже көрсетіп, қалалық, облыстық жарыстардан жүлдемен оралған.
Әлихан Зейнолла, садақ ату мектебінің спортшысы:
– Алдағы уақытта чемпион болғым келеді. Өзімді қазақтың батыры сияқты көрсеткім келеді.
– Қазақтың батырларынан кімді білесің?
– Таймас, Сартай, Алпамыс батыр, енді батырлар көп қой айта берсек, қазақтың жерін қорғаған, біздер үшін соғысқан батырлар өте көп. Сол батырлардың ізін жалғағым келеді.
Ер адамға бергісіз істі бастаған Сәнім Мұрат алдағы айда Қарақия ауданындағы Жетібай ауылында тап осындай спорт мектебін ашпақ. Қазір дайындық жұмыстары жүруде. Мақсаты – ұлттық спорттың өркендеуіне үлес қосып, жастарға патриоттық рухта тәрбиелеу.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев