26 желтоқсанда Алматыда бокстан қайырымдылық шарасы өтеді
Қысқасы 50 жасқа дейінгі кез келген адамға жұлдыздармен жұдырықтасуға болады. Бастысы салмағыңыз сәйкес келуі тиіс. Ал ақпаратты әлеуметтік желіден тауып, тіркелуге болады.
Жаңа жыл қарсаңында Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында қызықты бокс кеші болғалы тұр. Бұрын-соңды қолына былғары қолғап кимеген жұлдыздар шаршы алаңға шығады. Яғни 12 үміткердің қатарында белгілі актерлар мен блогерлер және әлеуметтік желінің белсенділері бар. Атап айтсақ, Тәуекел Мүсілім, Мұрат Мұтырғанов, Ерік Хамидуллаевтармен қолғап түйістіргіңіз келсе, әлеуметтік желі арқылы тіркелуге болады.
Ринат Танеков, қайырымдылық жобасын ұйымдастырушы:
– Бұл жобаны ұйымдастырудағы мақсат – салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру. Бізге қолдау білдірген қала әкімшілігіне және «Магнум» сауда орталықтарына алғысымызды білдіреміз.
Кеше Atakent Malla Kinopark залында баспасөз мәслихаты өтті. Шаршы алаңға шығатын жұлдыздар қарсыласты өздері емес, қарапайым қатысушылар таңдайды. Ең бастысы салмағыңыз сәйкес келуі тиіс. Барлық ақпаратты әлеуметтік желіден таба аласыз. Қазірдің өзінде 200 ге жуық үміткер жұлдыздармен жұдырықтасуға ниет білдіріпті.
Ерік Хамидуллаев, актер:
– Мен негізі бала күнімнен еркін күреспен айналысқанмын. Бірақ, әрине, екеуі екі түрлі. Дегенмен кез келген қазақ жігіті жұдырықтасуға әрқашан дайын. Сондай бір қатты қобалжу жоқ. Өзіме сенімдімін. Өйткені бала күнімнен спортпен шұғылданамын. Көреміз енді.
26 желтоқсанда шаршы алаңға шығатын жұлдыздар арасында қыздар да бар. Қайырымдылық шарасының соңында ұйымдастырушылар талантты балаларға спорттық киімдер таратады.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев