Ертіс өңірінде Нұрсұлтан есімді 15 полицей қызмет етеді
Қос серіктес пандемия басталғалы күшейтілген режимде еңбек етіп келеді.
Нұрсұлтан Әбдірахманов, облыстық ПД патрульдік полиция қызметі батальонының инспекторы:
- Ата-анам азан шақыртып, атымды Нұрсұлтан деп қойды. Елбасымызға ұқсап, елге қызмет ететін азамат болсын деді. Өзім бала кезімнен полицей болуды армандадым. Бұл қызметке жүрек калауыммен келдім.
Тәртіп сақшысы осы қызметке арман жетегімен келіпті. Бүгінде облыстың полицейлердің қатарын толықтырып, елге адал қызмет етуге тырысуда. Қызмет барысында адамдардың өміріне араша болып, қылмыстық істердің ізін суытпай ашқан кездері де болған.
Нұрсұлтан Қаушов, облыстық ПД патрульдік полиция қызметі батальонының инспекторы:
- 2016 жылдан бастап патрульдік батальонда жұмыс істеймін. Қазір үйреніп қалдым. Екі ауысыммен істейміз. Ата-анам кезінде: «Полиция басқармасында істесін», – деп армандаған. Армандары орындалып жатыр.
Нұрсұлтан Жабаев – бүгінде қылмыстарды тергеу бөлімінің белді мамандарының бірі. Бір айда 2-3 ауыр қылмысты тергеуге атсалысып, қатарластарының алды бола білді.
Нұрсұлтан Жабаев, тергеуші:
- Әр адамның патриоттық сезімі болу керек деп ойлаймын. Сол үшін тергеу қызметіне келдім. Қазіргі таңда, міне, үш жыл қызмет етіп келемін. Ай сайын қылмыстық өндірісті жүргізіп келеміз. Міндетіміз – қылмыстық істі жүргізу, сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, сотқа өткізу.
Қазіргі таңда ішкі істер органдарында еңбек ететіндердің қатарында ел тәуелсіздігінің құрдастары көп. Барлығы дерлік аға буын өкілдерінің үмітін ақтап келеді. Тұңғыш Президентімізбен аттас болғандықтан, есіміне кір келтірмеуге тырысады.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат