Жаңаөзендік жас кондитер алты жыл ішінде 20 тоннадай торт пісіріпті
26 жастағы жігіт балқаймақ, құрт пен ірімшік қосылған тәтті нандардың жаңа түрін ойластыруда. Жас кондитер алты жыл ішінде 20 тоннадай торт пісіріпті.
Сәбит Қабыкеев алты жылдан бері түрлі торттар пісіреді. Осы кәсіпті қолға алуына тәттіге деген сүйіспеншілігі себеп болған. Мұнайшы мамандығын игергенімен, жаны кондитерлікті қалапты. Осылайша қара алтынды тәтті нандарға алмастырған. Торт пісіруді кітап пен ғаламтордан үйреніп, аз уақытта Жаңаөзенге танымал кондитер атанды.
Сәбит Қабыкеев, кондитер:
- Басында әрине қиын болды. Алғашқы пісірген тәтті торттарым көңілімнен шыққан жоқ. Көп іздендім. 4-5 айда қолым да үйреніп, пісірген тәттілер де отбасыма ұнай бастады. Үйге келген туыстарым, достарым тапсырыс беріп, сүйікті ісім күнделікті кәсібіме айналды.
Сәбиттің пісірген тәтті нандары өзге кондитердің өнімдеріне ұқсамайды. Оның ас мәзірінде оншақты торттың түрі бар. Әсіресе «Айтәтті», «Аққу» мен «Үшсұлу» деп аталатын торттары жоғары сұранысқа ие. Пандемия жас кондитердің жоспарына өзгеріс енгізді. Ол тәттілерді үйінен пісіре бастады. Күніне кем дегенде 15 тортқа тапсырыс түседі.
Жәмилә Иденова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
- Қазір енді кондитерлердің көбне жасайтыны – бір торт. Шыны керек, олардан шаршадық. Сәбиттің торттары мүлдем қазіргі торттарға ұқсамайды. Құрамы да басқаша, дайындалуы да ерекше. Сондықтан тұрақты клиент болып жиі алып тұрамыз.
Сәбиттің жаңа дүниесіне алғаш баға беруші – әйелі. Алайда жұбайы мүлде торт пісірмейді екен. Қыз-келіншектердің бетін әрлеп, қызмет көрсетеді. Келер жылы жас отбасы кондитерлік цех пен сұлулық салонын ашуды көздеп отыр. Сонымен қатар Сәбит жұмыссыз жастарға тәтті нан пісіруді тегін үйретпекші. «Менің мақсатым – табыс табу ғана емес, өзгелерге пайдамды тигізіп, артымнан өнегелі іс пен із қалдыру», – дейді жас жігіт.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев