Хабар телеарнасы

Жаңаөзенде Паралимпиада спортшылары далада жаттығуға мәжбүр

Жаңаөзенде Паралимпиада жеңімпаздары ат спортынан жаттығу өткізетін жер таба алмай жүр. Шаһарда ұлттық спорттың осы түріне арнайы жабдықталған орын жоқ. Сол себепті олар күзгі суықта далада дайындалуға мәжбүр. Ал жергілікті әкімдік мәселені қашан, қалай шешпек?

2018 жылы Жаңаөзенде мүгедектігі бар адамдарды ат спортына бейімдейтін клуб құрылды. Содан бері параспортшылар республикалық, халықаралық чемпионаттарда үздік нәтиже көрсетіп жүр. Қазір кезекті жарысқа қызу дайындық үстінде. Күзгі суыққа қарамастан, күн сайын жаттығады.

Самат Әлен, облыстық Паралимпиада ат спортының аға жаттықтырушысы:

- Шетелге жарысқа шақырулар қыс мезгілінде, жылдың басында келеді. Салқынға қарамай, біз ашық дайындығымызды бастаймыз. Салқын ауа райы болғаннан кейін балаларымызды ауыртып алу ықтималдылығы жоғары болады. Ақтауда, Жаңаөзенде манеж жоқ. Бұл манеж салынса, көкпаршылар бар, тағы басқа атқа қатысты спорттық іс-шаралар барлығы жүреді. Ол жерде иппотерепия емін де қолдануға болады.

Клубтың негізін қалаған Самат Әлен жиырмаға жуық Паралимпиада спортшысын дайындаған. Сонымен қатар сырқат балаларға иппотерепия емін жүргізеді. Жаңаөзенде ат спортына арналған орын болмағандықтан, жергілікті тұрғын уақытша берген қоражайда, соның жылқыларымен жаттығу өткізеді. Қала әкімі бұл мәселеден хабардар. «Шаһар ішінде жабық манеж салу санитарлық талапқа сәйкес келмейді», - дейді ол.

Жансейіт Қайнарбай, Жаңаөзен қаласының әкімі:

- Қаланың ішінен қазіргі таңда ондай жер бере алмаймыз. Тек қана ауылдық елді мекендердің шет жақтарына ғана ұсыныс береміз. Самұрықпен жабық манеж бойынша ортақ бір келісіміміз бар. Сенімгерлік басқаруға алып отырған «Құланды» ипподромының жанынан ғана береміз. Арнайы инвестор керек. Жалпы ұлттық спортты қолдауға біз мұқтажбыз.

Қала әкімі параспортшылар жаттығу үшін уақытша орын тауып беруге уәде етті.

Айта кетсек, Паралимпиада жеңімпаздары жуырда ел чемпионатында бір алтын, бір күміс медаль олжалады. Енді Мәскеуде өтетін жарысқа дайындалып жатыр.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев