116 ауылда әлеуметтік және мәдени нысандар жөнделіп жатыр
Яғни 2025 жылға дейін елді мекендердің 80 проценті абаттандырылады. Әсіресе алыс ауылдарға су құбыры тартылып, аурухана, Мәдениет үйлері жөнделеді. Шығыс Қазақстан облысында 116 ауыл бұл жобаның шапағатын көрмек.
Шығыстағы халықтың 38 проценті ауыл-аймақта тұрады. Сондықтан тұрғындар «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасынан үлкен үміт күтеді. Осы жобаға сәйкес 116 ауылда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік және мәдени нысандары жөнделіп жатыр. Инфрақұрылымды жаңартуға арналған жобаның нәтижесін көпбалалы отбасылар да көріп жатыр.
Саягүл Ақшалова, Ақсуат ауылының тұрғыны:
– Есік-терезелер, шатыры толықтай жаңартылды. Ішіне жөндеу жасалды, дәліздердің бәріне жарық орнатылды. Жылу жүйесіне қосылды. Су бар, кәріздік жүйе бар. Бәрі жақсы.
Былтыр шығыста «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының игілігін 4 тірек ауылы көрсе, биыл олардың саны 20-ға жетті. Жаңадан спорт, денсаулық сақтау және білім нысандары салынды. Жолдар да жөнделді.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жалпы құны 7,7 миллиард теңгенің 52 жобасы жүзеге асып жатыр. Біздің шекаралық аймақтағы 5 ауданды дамытудың кешенді жоспары осындай жақсы бағдарламаның жалғасы болып саналады. Тек осы бағдарлама аясында жаңадан салынған және қайта жөнделген әлеуметтік нысандардың саны 155-тен асады.
Биылдан бастап «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын қаржыландыру 3,5 есеге көбейіп, 7 7 миллиард теңгеден асты. Нәтижесінде 20 тірек ауылда 13 мектеп, 6 аурухана және спорт орталықтарының құрылысы басталды. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған елді мекендерде 2 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин