Beeline мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін шексіз мүмкіндік жасады
Компания әлеуметтік жобаны қоғам мүддесі үшін енгізіп отыр. Яғни ерекше балалар мен көру қабілетінен айырылған азаматтардың қоғамнан шеттетілмей, тең дәрежеде өмір сүруіне жағдай жасауда. Бұл ретте сапалы интернеттің көмегі туралы айтпаса да түсінікті.
«Жарқын жақта өмір сүр». Бұл ұран бүгінде сөз емес, іс жүзінде дәйектілігін көрсетті. Мәселен, шымкенттік азаматтар тегін интернетті пайдаланып жүргендеріне 5 жыл толды. Бәрі емес, әрине. Тек көзі нашар көретіндер мен зағип жандар үшін осындай жеңілдік жасалған.
Бәкір Нұрманбетов, Көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхананың директоры:
– Компьютерлер, ноутбуктер ұялы телефондар, міне, осының барлығын қолдану үшін бізге, әрине, интернет қажет. Сол интернет жағынан біздің кітапханаға жәрдем беріп жатқан бес жылдай болды ұялы телефондардың операторы –Beeline. Біздің тегін интернетпен қамтамасыз етіп отыр. Осы интернетпен кітапхананың барлық бөлімі қамтылған.
Байланыс операторының игілігін мүмкіндігі шектеулі балалар да көріп отыр. Алматыдағы арнайы орталық мұндай мүмкіндікке 2014 жылдан бері ие болған. Әсіресе «Жау жағадан алғанда бөрі етектен алады» дегендей, пандемия кезінде құлағы нашар естіп, тілінің мүкістігі бар бүлдіршіндердің сабақ оқуы қиындай түсті. Осыны есепке алған компания өкілдері балалардың мүмкіндігін шексіз етуге тырысты.
Майра Сүлеева, «Кеңес» орталығының директоры:
– Егер бізде интернет болмаса, ахуалымызды елестетудің өзі қиын. Себебі төтенше жағдай енгізіліп, карантинге жабылған уақытта мүгедек бала бағып отырған отбасылар үшін уайымдадық. Себебі ата-анадан бөлек, мұндай ерекше балалармен бізде жұмыс істейміз. Сабақ өтеміз. Бірақ бағымызға орай, сапалы интернеттің арқасында дәрісті онлайн өткіздік.
Beeline компаниясының «Шексіз мүмкіндіктер» деп аталатын әлеуметтік жобасының іске қосылғанына, міне, 6 жыл болды. Осы уақыт аралығында бағдарламаның игілігін 25 ұйым көріп үлгерді. Олардың қатарында мектептер мен балалар үйі, дамыту мен ерекше балаларды қамқорлығына алған орталықтар бар.
Евгений Настрадин, Beeline Қазақстан компаниясының бас атқарушы директоры:
– Beeline әлемдік тәжірибеге қол жеткізуге көмектеседі. Мысалы, қандай да бір жаңалық немесе емдеу тәсілдері, бейімделу әрекеттері мен қоғамдағы әлеуметтік өмірді қалыптастыруға атсалысады. Біздің бұл жүйелі жұмысымыздың нәтижесі көңілге қонымды. Бұл бізге болашаққа нық қарауымызға жаңа леп береді.
Әлеуметтік жоба еліміздің барлық облысында іске қосылған. Ол үшін байланыс операторы жыл сайын 90 миллион теңге көлемінде қаржы бөледі. Әрине, мұндай қомақты қаражат абоненттердің көмегінсіз жиналмас еді. Айталық, бүгінде елімізде 10 миллион адам дәл осы байланыс операторының қызметіне иек аратады екен.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Айдос Меделбеков