Талдықорғанда коммуналдық кәсіпорындар қаланы қардан тазартып үлгермей жатыр
Осы уақыт аралығында облыс орталығындағы Нұр-Сұлтан, Жансүгіров, Тәуелсіздік сияқты орталық көшелер ғана аршылған.
Көшелерді қардан тазарту жұмыстарына 2020 жылға 258 миллион теңге қаралған. Қазір Талдықорған көшелерінде 100-ден астам ауыр техника күндіз-түні жұмыс істейді. «Жергілікті тұрғындар көліктерін жол бойына қойып кетуі бізге, үлкен кедергі келтіруде», – дейді жауапты мекеме басшылары.
Өз кезегінде тұрғындар да коммуналдық кәсіпорындардың жұмысына көңілі толмайтындарын жеткізді.
Нұрбақыт Алтынбеков, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
– Кешке жақын бізде проблема қар жауған кезде. Орталық көшелерге, мейрамханалардың маңына машиналарын қойып кетеді тұрғындар. Сол үшін қала тұрғындарына айтамыз, орталық көшелердегі мейрамхана және мына қоғамдық орындарда техникаларын қалдырмауын сұраймыз қар жауған кезде.
Людмила Клейн, қала тұрғыны:
– Қаланың іші өте жаман болып жатыр. Жүріп-тұру өте қиын. Коммуналдық кәсіпорындар өз жұмыстарын дұрыс атқармайды. Жаяу жүргіншілер жолына дейін көк мұз.