Оралдық волонтер Айболат Құрымбаев мұқтаж жандарға көмектесуге дайын
Жомарт жан әлеуметтік әлжуаз топтарға жақсылық жасаудан жалыққан емес. Айболат аймақтағы тарихи-мәдени мұраларды жаңғыртуға, ішкі туризмді дамытуға да ықпал етіп келеді.
Айболат Құрымбаев көмекке мұқтаж жандарға әрдайым қолұшын созуға дайын. Бүгін таң атысымен жалғызбасты қарияның үйіне келді. Тыл және еңбек ардагері Алексей Щуков тағдыр тауқыметімен екі аяғынан айырылған. Қоларбаға танылып, қуаты кеткен қарияның қозғалуы қиын. Волонтер бос уақытында оның қасында болып, қолғабыс қылады.
Алексей Шуков, Тыл және еңбек ардагері:
– Менің бөлмеден бөлмеге баруым да қиынға соғады. Арбаға мініп-түсу оңай емес мен үшін. Өзімнің қызым анда-санда келіп кетеді. Немерем Ресейде тұрады. Менің күнделікті арқасүйерім осы – Айболат. Ол үнемі келіп тұрады. Кейде өзімен бірге жас волонтерлерді де ертіп келеді. Еріктілерге алғысым шексіз.
Айболат Құрымбаев, волонтёр:
– Бізбен қазір дос болып кеткен атамыз. Келіп көмектесіп тұрамыз. Бұл кісі азық-түлік те, басқа да керек деп айтпайды, бірақ біз ол кісіге, мысалы, суға түсуге көмектесеміз, үйін жинап береміз.
Биыл елде төтенше жағдай жарияланған кезде волонтерлік қозғалыс үшін қала 20 аумаққа бөлініп, кейіпкеріміз 11 аумаққа жауапты болған еді. Айболат Құрымбаев артылған сенімді ақтай білді. Әлеуметтік сала мамандарымен, кәсіпкерлермен тығыз байланыста болып, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, мүгедектер мен қарияларға көмек көрсетті. Қайырымдылық шараларын әлі күнге жалғастырып келеді.
«Дегенмен волонтерлік мейірімге мұқтаж жандарға жылу сыйлаумен ғана шектелмейді», – дейді кейіпкеріміз. Ол өлкетану саласының өркендеуіне, тұралап қалған туризмнің түлеуіне де күш салып жүр.
Айболат Құрымбаев, волонтер:
– Мысалы, біздер бірнеше объектілерге бардық. Әріптесім Әлішер Ғұмаровпен бірге роликтерімізді түсірдік, оны халыққа паш ету үшін әлеуметтік желіге жарияладық. Сонымен қатар сол объектілерді өзіміз көрмей, осы қалаға келген тұрғындар мен қала қонақтарын да сол жерге алып бардық. Ол біздің тағы бір бағытымыз – ішкі туризмді дамытуға көмек жасады.
Айболат Құрымбаевқа еріктілер қозғалысына қосқан үлесі үшін «Халық алғысы» медалі берілді. «Бастысы – сый-сыяпат емес, қоғамға қажетті игі істерді шын ниетпен жалғастыра беру», – дейді ол.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов