ШҚО-да ауруханаға МРТ 3.0 қондырғысы орнатылды
Облыстық Онкология және хирургия орталығында науқастың денесіне пышақ тигізбестен бойындағы ісік алынды. Осылайша медициналық мекеме Қазақстанда алғаш болып «Фокустелген ультрадыбыс» әдісін қолданды. Бұл ісік ауруларының алдын алуда және оны бастапқы сатыларда жою үшін теңдесі жоқ мүмкіндіктердің бірі. Жалпы медицина саласындағы бұл жетістіктер облыс әкімінің бастамасымен қабылданған кешенді бағдарлама бойынша іске асырылуда.
Скальпель орнына – ультрадыбысты қолдану. Өскемендік дәрігерлер бүгін ісік ауруын жоюда айырықша операция жасады. Олар Қазақстанда алғаш болып «Фокустельген ультрадыбыс» инновациялық аппаратын қолданды. Кереметі сол, ол жерден фокустеліп шыққан сәуле шоғыры ісікті жойып жібереді.
Гүлмира Сағидуллина, ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры:
– Науқастың денесіне ешқандай зақым келмейді. Өйткені хирургиялық операция болып саналмайды.Амбулаториялық түрде өтеді. Көп уақыт та жұмсалмайды. Емдеулші бірнеше сағаттан соң үйіне қайта алады.
Бұл жерде дәрігерлер магнитті резонанстық томография көмегімен барлық процесті қадағалайды.Өйткені дәл сол томография ісіктің орналасқан жерін, көлемін анықтап, оның ультрадыбыс аппаратымен емдеуге жарайтындығын көрсетеді. Ерекше құрылғы алынған Израильдық компания өкілі осындағы онколог, анестизолог сынды мамандарға бағыт-бағдар беруде.
Гади Король, «Insightec» компаниясының клиникалық даму бойынша маманы:
– Сіздердегі мамандар өте мықты. Олар бізде Израильде іс-тәжірибеден де өтіп келді. Қазір, міне, операцияны бірге өткізіп жатырмыз. Енді аз уақыттан соң олар барлығын өз беттерімен атқара алады.
Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша облыстық кешенді бағдарлама арқасында дәрігерлер Израилде екі ай бойы оқып, білім алмасуға мүмкіндік алды. Біліктілікті арттыру әлі де жалғасады. Енді заманауи әдіс қуықасты безі және сүйек метастазын емдеуде қолданылмақ. Жалпы соңғы үш жылда орталықтың 30 маманы әлемдегі ең үздік онкоклиникаларда тәжірбиеден өткен.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов