Елбасы тапсырмасы бойынша салынған спорт нысаны Теміртау қаласына тарту етілді
Әлеуметтік ғимараттарды осы қаладағы ең ірі металлургиялық комбинат «АрселорМиттал Теміртау» АҚ сыйға тартып отыр. Екеуінің де іргесі жаңадан қаланған. Енді нысандар қала тұрғындарының денсаулығын жақсарту мақсатында қызмет етеді.
Бұрын Теміртау қаласының осы бір ауданында емхана болмаған еді. Тұрғындар сан шақырым сабылып, емханаға жеткенде ұзын-сонар кезекте отыратын. Енді жаңадан ашылған орталыққа 20 мың адам тіркеуге тұра алады. Нысан компания есебінен барлық замануи құрал-жабдықпен қамтылған.
Наир Биджу, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры:
- Біз үшін де құрылысы биыл аяқталған ең маңызды нысан осы емхана болды. Бұл тура өз мерзімінде пайдаға беріліп отыр. Себебі пандемия кезінде біздің денсаулық сақтау жүйесіне қолдау керек болғаны жасырын емес. Оның үстіне азаматтарымыздың да денсаулығын жақсарту – біздің мақсат. Екінші нысан – дене шынықтыру орталығы. Онда қала тұрғындары жаттығатын болады.
Дене шынықтыру-сауықтыру орталығы да 30 мың адам тұратын ауданның маңында орналсақан. Жергілікті спортшылар қазір мұнда алғашқы жаттығуларын бастап кетті. Бір залдың өзінде футбол, баскетбол және волейбол ойнауға болады.
Андрей Георгиади, «Шахтёр» футбол клубының ойыншысы:
- Бұл тек біз сияқты спортшылар үшін емес, балалар мен ересектерге де тиімді болды. Көпфункционалды тренажорлық құралдар, ыңғайлы зал барлығы талапқа сай. Спортшылардың түрлі біріншілікке дайындалуына жақсы жағдай. Бұл – қаланың дамуы мен азаматтардың денсаулығына зор қолдау.
Бұдан бөлек, спорт кешенінде былғары қолғап шеберлерінің шаршы алаңы мен гандбол ойыншылары үшін арнайы қақпалар да қойылған. Сондай-ақ теннис, гимнастика, күрес залдары бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасалған. Ал көрермен залы 320 орынға шақталған.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев