Қордай ауданындағы елді мекендерге газ тартылды
Бұл 57 мыңнан астам жергілікті тұрғын үшін Тәуелсіздік күні қарсаңында тамаша тарту болды.
Газдандыру жұмыстарын «ҚазТрансГаз» компаниясы жүргізіп, қысқа мерзімде аяқтап шықты. Осының арқасында 7 мыңнан астам отбасы, 300-ге жуық әлеуметтік және кәсіпкерлік нысан көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алды.
Қордай ауданында газға қосылған ауылдар саны қазір онға жетті. Күзде алғаш болып Қарасу мен Өтеген батыр ауылына берілген еді. «ҚазТрансГаз» АҚ тағы 8 елді мекенге құбыр тартып, газды салтанатты түрде қосты. Ұлттық оператор жобаны ректордтық қысқа мерзімде орындап отыр. Ең бастысы жергілікті жұрт разы. Тұрғындар газдың тартылуын тарихи сәтке балап, ерекше қуанып жатыр.
Мәдина Молдажанова, Сортөбе ауылының тұрғыны:
- Үй салқын болатын. Үнемі көмір салып тұрасың. Оны жағасың, күлін шығарасың. Балонымыз тез бітіп қалады. Бір айға жетпейді. Ал қазір барлығы жеңілдеді. Рахат!
Енді Мәдина сияқты 62 мыңнан астам қордайлық көгілдір отынның игілігін көреді. Газ қосу шарасына облыс басшылығы, тұрғындар мен диаспора өкілдері қатысты. Газ мамандары бірінші кезекте көгілдір отынды тұтыну кезіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Үй аралап жүріп жадынама таратылды.
Сәкен Исмайлов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ЖӨФ директоры:
- «ҚазТрансГаз» АҚ ұлттық операторымен жергілікті Жамбыл облысының әкімдігімен бірлесе отырып жүргізілді. Салынған газ құбырларының жалпы ұзындығы 400 шақырымға жуық. Оның 73 шақырымы жоғары қысымды полиэтилен газ құбыры болса, оның бірінші кезеңі, яғни 42 шақырымы «ҚазТрансГаз» есебінен салынды. Осы елді мекендерге газ тарту үшін сол газ тарату станциясының өткізгіштік қабілетін арттыру мақсатында жұмыс істедік.
Станцияны жаңғыртудың арқасында тағы 12 елді мекенді газдандыруға мүмкіндік туып отыр. Жоспар жүзеге асса, 41 елді мекеннің 29-ы көгілдір отынға қосылады.
Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:
- Осы бір жылдың ішінде Қордай ауданының 95% тұрғыны газбен қамтамасыз етіліп жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 47% болған. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының берген тапсырмалары толығымен орындалды. Біздің тұрғындар Тәуелсіздік күні мерекесін үлкен қуанышпен, болашаққа деген сеніммен қарсы алып жатыр.
Мамандар: «Табиғи газдың келуімен аймақтағы экологиялық жағдай да едәуір жақсарады», – деп отыр. Ең бастысы тұтынушылардың шығыны азайып, өңірде кәсіпкерлік саласының дамуына серпін береді.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев