Алматыда Тәуелсіздік күні 372 отбасына жаңа пәтер кілті берілді
Алматыдағы Тәуелсіздік монументіне зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, мемлекеттік қызметкерлер мен шаһар тұрғындары гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Ел еңсесін тіктеген, егеменді ел атанған күн – әлеуметтік маңызды іс-шаралармен жалғасты. Қалада тұратын 372 отбасына жаңа пәтер кілттері берілді. Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында үлестірілген үйлер көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетімдер мен бюджеттік сала қызметкерлеріне берілді.
Жалпы жыл соңына дейін «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша мыңға жуық пәтер беріледі деп жоспарланған.
Жаңылхан Есімханова, қала тұрғыны:
– Толқып тұрмын. Халқымыздың, еліміздің Тәуелсіздігі мәңгілік болсын. Қазағымыз, жұртымыз аман болсын. Жаман індеттен тезірек құтылайық. Қуаныштымын!
Сондай-ақ қалалық Жедел жәрдем қызметі жаңа 50 автокөлікпен толықты. Барлық көлік алғашқы медициналық жәрдем көрсетуге арналған заманауи аппараттармен, жүрек соғысы мен қан қысымын қадағалайтын құралдармен жабдықталған. «Келесі жылдың басында тағы 50 көлік алу жоспарланып отыр», – деді қала әкімі.