Шетелдік азаматтар Қазақстан туралы жылы лебіздерін арнады
Қай кезде болмасын өзгелерді өзектен теппей, бауырмалдық таныта білген қазақ халқы оларға жамандық көрсетпейді. Шетелдік азаматтар да халқымыздың ерекше қонақжайлығы мен дархан пейілін сезініп, жат ел деп жатырқамайтындарын айтады.
Италия азаматы Лучиано Соццо 40 жылдан бері қонақүй сервисі саласында қызмет етеді. Қазақстанда еңбектенгеніне 7 жылдың жүзі болған. «Қазақ халқы ашық, өзге ұлт-ұлыстардың мәдениетін, дәстүрін танып білуден тартынбайды. Елдің тұрақтылығы инвесторларға қолайлы. Елордасы Нұр-Сұлтан қаласының аса қарқынды жылдамдықпен дамып жатқанына өзім куәмін», – дейді халықаралық қонақүй бизнесін меңгерген маман.
Лучиано Соццо, қонақүй басқарушысы: /Италия/
– Бірнеше жыл бұрын Астанаға алғаш түнгі 03.00-де ұшып келдім. Әуежайдан келе жатқанда бос жатқан кең байтақ жерді көрдім. Ол кезде қаланың ең шетінде тек бір сауда үйі мен Назарбаев Университетінің ғимараты ғана бой көтерген. Қазір мысалы, ол жерлерде «ЭКСПО» құрылысы салынған, көлемді нысандар пайда болды. Мұның өзі ел астанасы Нұр-Сұлтанның жоғары қарқынмен дамып отырғандығының дәлелі. Аз уақыт ішінде үлкен жетістіктерге жеткен Қазақстанның азаматтарын шын жүректен Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын.
Шын мәнінде, елдің жүрегі Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс тоқтаған емес. Әлемнің бірнеше елінен келген құрылыс саласының мамандары елорда сәулеті мен сәнін үйлестіруге өз үлестерін қосуда. Түркия азаматы Онур Алагоз бас шаһарға 4 ай бұрын ғана келген. «Қыстың суықтығы болмаса, жанға жайлы ел. Қазақтардың мәдениеті түріктерден айнымайды», – дейді өзі.
Онур Алагөз, құрылыс инженері: /Түркия/
– Қазақстан астанасы өркениеті дамыған сондай көрікті қала. Көркемдігі көз тамсандыратын әсем жерлері көп. Мейрамхана, дәмхана, жақсы демалуға болатын орындары бар жайлы мекен. Шынымды айтсам, дәл осы Астананы көруге мүмкіндік туғанына өте қуаныштымын. Түріктер секілді, қазақ халқы үшін де Тәуелсіздік күні – аса маңызды мейрам. Қазақстанның гүлдеп, алға ілгерілеуіне қашан да тілеулеспін.
Онур Алагөз: «Қазақ пен түрік бірлесіп, бірнеше нысандар салды. Құрылыс саласындағы серіктестіктің нәтижесін көз қуантар зәулім ғимараттарға қарап көргенде көңілің толады», – дейді.
Италиялық Оресте Манчини да елордада тұрып, қонақүйлердің бірінде бас аспаз болып жұмыс істеп жүр. Ол қазақ халқының отбасының беріктігіне ерекше назар аударатынын байқаған. «Туыстық қарым-қатынасты үзбей, бір-біріне деген сондай ерекше жанашырлықпен қарайтынын сүйсіне бақылаймын», – дейді.
Оресте Манчини, аспаз: /Италия/
– Қазақстанға келген сәттен бастап, бұл жерге бауыр басып кеттім. Қазақ халқы қонақжай екен. Нұр-Сұлтан қаласының ызғарлы желі ғана ұнамайды, сәулеті де, дәулеті ерекше дамыған қала. Егер жұмыс бабымен бұл жердегіден де жақсы шарттармен шақырып жатса ғана басқа жерге көшемін, ал әзірге осы жерде қаламын деген жоспарым бар.
Қазақстан инвесторлар үшін тартымды елге айналғалы қашан?! Көпшілігі мемлекеттің тұрақтылығы мен экономикалық мүмкіндігі үшін келетінін айтады. Айта кетейік, бүгінде елімізде 16 мыңнан астам шетел азаматы қызмет етіп жүр.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Азамат Сәметов, Аян Сәрсенбаев