ШҚО-да асыл тұқымды мал басы жыл санап артып келеді
Биылдың өзінде өлкедегі ірі қара қатары 2,5 мың бас асыл тұқымды мүйіздімен толықты. Мәселен, Күршім ауданындағы шаруашылық 180 герефорд тұқымды мал басын алып, іс бастап отыр. Алдағы уақытта мал бордақылау алаңын ашып, ет экспортын да дамытпақ.
Бастапқыда қазақтың қызыл қасқа сиырын өсірумен айналысқан шаруашылық биылдан бастап мал басын асылдандыруға бел буыпты. Осылайша Ресейден 180 бас герефорд тұқымды сиыр сатып алған. Үш ай карантинге қойылған мал ендігі Күршімнің Сарөлеңін жерсініп те алыпты. Қызылқасқаларды екі орайтын шетелдік мүйізділердің бабына бітімі сай.
Ерік Төлеуханов, шаруашылық жетекшісі:
- Айырмашылығы бар енді, бұрын үлкен сиырлар мұндай болмайтын, міне, 1,5 жастағылар бұрынғы үлкен сиырлардан кесектеу болып тұр. Салмағы да ауырлау болады. 30 тонна жем дайындап қойдық.
Мұндағы бір тайыншаның салмағы қазір шамамен 700 келі тартады. Шаруа иесі етті бағыттағы малдың ата-тегін түгел түгендеген. Әрбірінің лақап аттары, қан тобы тіпті атасы мен енесінің шежіресіне дейін жазылған құжаттары бар. «Бұл – тұқым тазалығын сақтап қалу үшін аса маңызды», – дейді мамандар.
«Сиырдың сүті тек тілінде ғана емес, күтімінде», – дейді Бекболат Бөкенов. Малшының сөзінше герефорд тұқымдылар суыққа өте төзімді, етті тез жинайды, жылдам өседі. Шопанның отбасынан шыққан ол бүгінде осы жердің жұмысын дөңгелетіп, отбасымен нәсіп тауып отыр.
Бекболат Бөкенов, малшы:
- Шаруашылыққа малшы іздеп жатыр деп естідім. Барғым келіп жүр деп айтып ем, өздері келіп сөйлесіп, шарттарын айтты. Жағдай жақсы, бәрін жасап, еңбекақымды беріп тұр.
Малды сатып алуға 100 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған екен. Енді соның үштен бір бөлігін мемлекет субсидия түрінде қайтарып береді. Жалпы қазір облыста 300 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал ұстайды.
Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов