ТҚЖБ атауы «Отбасы банк» болып өзгерді
Бірақ қаржы институтының заты өзгерген жоқ. Банк мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының операторы ретінде жұмысын жалғастырады. Сонымен қатар 2021 жылы «Отбасы банк» баспаналарды бөлуді орталықтандырады. Ол үшін әкімдіктер пәтер кезегін банкке ауыстырады. Сөйтіп, «Баспанамен қамту орталығы» пайда болады.
«Баспанамен қамту орталығы» бір терезе қағидатымен жұмыс істейді. Қызмет түрі пәтерге мұқтаж барлық азаматқа қолжетімді. Бұған қоса келесі жылдан бастап пәтер кезегінде тұрған азаматтарға арналған «Шаңырақ» бағдарламасын пилоттық жоба нәтижелерін ескере отырып өзгерту жоспарланған.
Нұрлан Ақшанов, «Отбасы банк» ТҚЖБ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- Біз табыс бойынша бастапқыда бекітілген норматив 3,1 АЕК-тен төмен екенін түсіндік. Қазір оны 3,7 АЕК-ке көтеру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бұл тұтынушылардың көп бөлігіне осы бағдарламаға қатысуға мүмкіндік бермек.
«Отбасы банк» бірінші кезекте әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған. Енді пәтер алу мәселесі жеңілдеп, кезекті басқару тиімділігі артады. Банк жүзеге асырып келген тұрғын үй құрылыс жинақ жүйелері өзгермейді. Есесіне оның корпоративті клиенттер үшін тиімділігі артпақ. Бұл жұмысшыларына арнап үй салатын немесе оларды несиелендіруге мүмкіндік беретін қала құрушы кәсіпорындармен арадағы келісімдер арқылы мүмкін болып отыр.
Нұрлан Ақшанов, «Отбасы банк» ТҚЖБ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- Жұмысшыларды кәсіпорындар өздері іріктейді. Аз мөлшерде жалға алу құнын төлеп, қаржыны депозитке салады. Одан кейін белгілі бір уақытта жеңілдетілген несиемен жекеменшігіне сатып алады.
Пандемия кезінде банк өнімдерді цифрландыру үрдісін дамытты. Биометрлік жаңашылдық бейнебанкингті онлайн режимде 7 мың салымшы қолданған. Бұл осы жылы депозит ашқандардың 20% құрайды. Жоспар бойынша жыл соңына дейін «Отбасы банктің» депозиттік портфелі бір трлн теңгеге жуықтайды.
Авторлары: Қ. Қасиетова, С. Оспанов