Қазақ тіліндегі онлайн-диктантқа екі мыңнан астам адам қатысты
Бұл – елімізде қазақ тілінде өткізілген алғашқы диктант.
Байқауға қатысу үшін жас ерекшелігі бойынша ешқандай шектеу болған жоқ. 15 желтоқсанда өткен диктанттың қорытындысы жарияланды.
Қазақ тіліндегі жазбаша диктант stan.кz. ақпараттық агенттігінің сайтында жарияланған еді. Оған өздерінің сауаты мен білімін тексеру үшін барлығы 2045 адам қатысты. Бұл бастама асар дәстүрін негізге ала отырып, биылғы Волонтерлер жылына орай ұйымдастырылды.
Айсұлу Мұстапаева, Stan.kz ақпарат агенттігінің даму жөніндегі директоры:
- 445 адам 4-5 деген баға алды. Әрине қателіктер болды. «Дастархан» деген сөзді көбі «дастарқан» деп «қ» әрпін келтірген. Бүгін деген сөзде «бүгүн» деп екі жерде «ү» әрпін жазғандар болды. Бірақ олардың арасында жеңімпаздар бар. Оларды рандом арқылы біз таңдап, сыйлықтар ұтып алды.
Онлайн диктант жазғандар арасында бес адам жеңімпаз атанды. Жаңа смартфондардың иелері – Асылзат Жеңсікбаева, Бекзат Ұзақбаев, Жұлдыз Машрапханқызы, Мария Умарова және Патима Ахметова. Олар еліміздің әр аймағында тұрады.
Айсұлу Мұстапаева, Stan.kz ақпарат агенттігінің даму жөніндегі директоры:
- Диктантты жазудағы масқсатымыз – ана тілін дамыту, бүкіл қатысушыны тек қана біздің Қазақстанда ғана емес, басқа елде де қазақ тілін білетін адамдардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру.
Ақпараттық агенттік өткізген шараның басты мақсаты – халық арасында қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту. Өскелең ұрпақты ана тілінде қатесіз, сауатты жазуға үйрету. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай диктант келесі жылы да өткізіледі.
Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев