Өскемендегі жолаушы тасымалдаушылар тығырыққа тірелді
Жалпы автобекет ұжымы: «Облыс «жасыл аймаққа» енсе, барлығы түзелер», – деп сабырмен күтіпті. Алайда короновирустың таралу қарқыны бәсеңдегенімен, жағдай өзгермеген.
Әдетте азан-қазан болып жататын автобекет іші қазір жым-жырт. Санаулы ғана жұмысшы келіп-кетіп жүр. Солардың бірі бекет директоры – Алмас Бейсенғазин. Осы жылдың басқы екі айында күн райының қолайсыздығына орай бұл жерде жұмыс тоқтап қалған, ал наурыздан бері пандемия өршіді. Сөйтіп карантиндік шектеулер басталды. Содан бері бекет әлі толық қызметке кірісе алмай келеді.
Алмас Бейсенғазин, Өскемен автобекетінің бас директоры:
– Өз мекемемізде ғана 200-ден астам адам істейтін. Қазір 60 проценті жұмыстан шығып кетті. Қазіргі уақытта жылдың аяғына дейін тағы арыздар кеп түсіп жатыр. 80 процентке өседі деп ойлаймын, бұл мекемені қысқаша айтқанда, карантин құртып жатыр.
Автобекеттің өз ішіндегі жағдай осындай болса, сырттағысы тіпті қиын. Облыс ішінде 103 рейс болса, оларда жалпы 206 жүргізуші бар деген сөз. Бұған қоса, техникалық персонал бар. Сонда мыңға тарта адам жұмыссыз қалды деуге болады. Ержан Сағатбеков «Өскемен-Алматы», «Өскемен-Павлодар» бағытына жолаушы тасымалдайтын. «Енді жұмыссыздар қатарына қалай өткенімді өзім де түсінбей қалдым», – дейді.
Ержан Сағатбеков, жолаушы тасымалдаушы:
– «Қызыл зона» деп тыныш отырдық, үндеген жоқпыз, «сары зонаға» кірдік енді, міне, жасылға кіргеннің өзінде бізге жұмыс бермей отыр ғой.
Автобекет ішіндегі жұмысшылардың дені – зейнет жасындағы адамдар. Олар: «Шектеудің қашан алынатын күте-күте шаршадық», – дейді. Ал сол жерде шағын дүңгіршек, дүкен ашып отырған кәсіпкерлер қазір шығынға белшесінен батыпты.
Барлығы түсінбей отырған жалғыз жайт – ұшақ пен теміржол арқылы жолаушылар ағылып жатыр. Неге облысішілік автобус тасымалына шектеу қатаңдалған деген сұрақ.
Зайраш Абушаева, дәмхана қызметкері:
– Вокзал істеп тұр, защита істеп тұр, аэропорт істеп тұр. Бізді неге ашпайды? Соны тосып отырмыз.
Автобекет барлық санитарлық талап үдесінен шығу үшін ондаған миллион теңге жұмсапты. Қашықтықты сақтау, бір ізбен кіріп шығу, дезинфекциялық дәліз сынды жаңа құралдардың барлығы бар. Бірақ соған қарамастан шектеуге ұшырап отыр.
Эльмира Ахметова, тілші:
– Мына құрылғы автобустарды залалсыздандыру үшін арналған. Яғни олар кіреді де осы жерден толық дезинфекциядан өтеді, тазаланады. Бұл құрылғы үшін 2 миллион теңге жұмсалыпты. Алайда, мінеки, бірнеше ай бойы қаңырап бос тұр.
Санитарлық-эпидемиологтардың жауабы жалғыз. Олар: «Автобус ауру ошағына айналуы әбден мүмкін», – деп санайды.
Хамит Елубаев, Санитариялық-эпидемиологиялық департамент басшысының міндетін атқарушы:
– Өйткені білесіздер, автобуспен біздің адамдар көп жүреді. Самолетпен, пойызбен жүретін адамдар онша көп емес. Сондықтан бізде Бас мемлекеттік республикалық санитарлық дәрігердің және ведомствоаралық комисссияның шешімі осындай болды.
Мамандардың айтуынша, бұл нысанның жұмысы келер жылдың 4-5 қаңтарында жандануы мүмкін. Автобекет ұжымы да содан үмітті.
Авторлары: Эльмира Ахметова.Жігер бабаханов.Дмитрий Пыхтин